Алматыда арзан тауар аламыз деп алдандып қалған бір топ адам шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар тікелей Қытай зауыттарынан тауарды төмен бағада алып беремін деген әйелге имандай сеніп, миллиондаған қаражатқа онлайн тапсырыс берген.

Келісім бойынша ақшасын алдын ала беріліп, тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ бен тағы басқа заттар алты ай мен бір жылдың ішінде келуі тиіс болған. Бірақ екі жылдан бері тауарын күтіп шаршаған жұрт қыруар қаражатты қайтарсын деген талап қойды. Полиция алаяқтық дерегі бойынша тергеуді бастап кетті.

Жанар Сейітқожаева тікелей Қытай зауыттарынан арзан бағада тауар сататын ватсап желісіндегі топқа ақша төлеп қосылып, тапсырыс берген. Көп ұзамай таңдаған ыдыс-аяғы көрші елден келіпті. Тауардың уақтылы берілетініне көз жеткізген соң, келіншек көтерме саудамен айналысқысы келетін адамдарды жинап, 40 миллион теңгеге тапсырыс қабылдайды. Енді сол қыруар қаражаттың тауары бір жарым жылдан бері әлі жоқ.

“Мені үйіме келіп сілкілейді. Мені аудандық ІІБне апарып, ана күні арыз жазамын деді. Менде қайтарып беретін ақша жоқ. Өзінен сұрадым, осы ақшаны қайтаршы деп. Елең етпеді. Елдің ақшасын қайтарсын. Қайтар дегенді қайтарсын. Тауарын күтетіндер, күтсін. Менде 400 адам бар. Олар маған сенді. Мен Айсмұратоваға сендім. Ақшаны банкке аудардық. Өзіне, інісіне, ЖК аудардық”, – дейді Жанар Сейітқожаева.

Жанар сынды ондаған адам Арайлым Айсмұратова есімді әйелден тауарды онлайн таңдап, ақшаны алдын ала аударғанын айтады. Ол өз кезегінде Қытайдың зауыттарынан тұрмыстық техника, жиһаз және өзге де заттарды алты ай немесе бір жылдың ішінде әкелемін деп уәде берген. Алғашында кей тауарлар уақтылы жеткізіліпті. Кейін тапсырыстың келуі тіптен ұзаққа созылды дейді салы суға кеткен жұрт.

Алдандық деген әйелдер жаппай полицияға шағым түсірген. Қазір алаяқтық бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

“Тамыз айында Алатау ауданы полиция басқармасына алаяқтық дерегі бойынша бірқатар адамдар шағымданды. А. есімді азаматқа қатысты ҚК 190-бабы, 4-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық іс жүргізу кодекс талаптарына сай, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргіліп жатыр”, – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!