«7-20-25» және «Баспана хит» клиенттеріне 90 күнге дейін төлемді кейінге қалдыру ұсынылды. Бұл туралы «Қазақстанның орнықтылық қорынан» мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқармасының шешімімен төтенше жағдай режимінің енгізілуінен зардап шеккен қарыз алушыларды қолдау іс-шараларын іске асыру аясында «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламаларының клиенттеріне айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей, 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап 90 күнге дейін төлемді кейінге қалдыру ұсынылды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2022 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен төтенше жағдай режимін енгізу салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі бекітілді», – делінген таратылған ақпаратта.

Қор мәліметінше, аталған тәртіпке сәйкес банктер төлемдерді 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады.

«Төлемді кейінге қалдыру қарыз алушының кредиттік тарихына әсер етпейді. Төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін алу үшін қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, банкке еркін түрде өтініш білдіру керек. Өтініш электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильдік қосымшаның, басқа да байланыс құралдарының көмегімен немесе қарыз алушының банк бөлімшесіне келуі арқылы беріледі. Өтініштерді қарастыру мерзімі он жұмыс күнін құрайды. Төлемді кейінге қалдыру туралы өтініштер 2022 жылғы 4 сәуірге дейін (қоса алғанда) қабылданады», – деп атап өтеді қордан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!