Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өзін сотсыз банкрот деп жариялағысы келген кей азаматтардың өтініші неге қанағаттандырылмағанын түсіндірді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде банкроттық бойынша келіп түскен 10 382 өтініш қаралды. Бұл – барлық келіп түскен өтініштің 30 пайызы. Осылайша 2 670 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімдеу басталды. Аталған көрсеткіш барлық жүгінгенушінің 26% құрайды. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы 375 азамат бар. Сонымен қатар 985 тұлғаның 5 жылдан астам уақыт қарызын өтемей келгені анықталды. Борышкерлер туралы мәлімет электронды үкімет веб-порталында орналастырылған», – деді Ержан Біржанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 7340 өтініш иесіне сотсыз банкрот деп жариялаудан бас тарту жөнінде хабарлама жолданған.

Сондай-ақ, вице-министрдің орынбасары соттан тыс бас тартудың негізгі себептерін атап өтті.

  • Кредиттік бюроның мәліметі бойынша 6713 тұлғада 12 ай ішінде берешекті ішінара өтеуі бар немесе берешек сомасы 1600 АЕК-тен асады;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1846 тұлға бойынша 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алып келгенін растаған жоқ;
  • 1463 тұлға жұбайының бар екенін көрсетпеген, сәйкесінше олардан рәсімді қолдануға келісім алған жоқ;
  • 1349 тұлғаның меншігінде жылжымайтын мүлік бар;
  • 941 азаматта жер учаскелері бар;
  • 789 азаматтың атына автокөлік тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!