Іс бойынша Қазақстанның түрлі қалаларынан барлығы 83 тұрғын зардап шеккен.

Астанада халықтың 757 млн теңге ақшасын жымқырған қаржы пирамидасының басшылары сотталды, деп хабарлайды Астана қалалық сотының ресми сайты.

4 шілде күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «World Business Consulting» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты іс қаралды.

Сотта анықталғандай, М., К. және Н. 2018 – 2022 жылдар аралығында Астана қаласының аумағында «World Business Consulting» қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткен. Олар азаматтардың жалпы сомасы 757 млн теңгені құрайтын аса ірі көлемдегі ақшасын тартқан.

Іс бойынша Қазақстанның түрлі қалаларынан барлығы 83 тұрғын зардап шегуші болып танылды.Сотталушылардың кінәсі зардап шегушілер мен куәгерлердің жауабымен, аудиторлық есеп пен келісімшарттармен, сондай-ақ зардап шегушілердің қаржы пирамидасына ақша салғанын дәлелдейтін өзге де құжаттармен расталды, – делінген мәліметте.

Сот үкімімен М., К. және Н. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша (Қаржы пирамидасын құру) кінәлі деп танылды. М. және К. 6 жыл 8 айға, Н. 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың сондай-ақ қаржы ұйымдарында басшылық қызметтер атқару қықығы шектелді.

Зардап шегушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!