Ішкі істер министрлігі банк картасын басқа біреуге пайдалануға бергені үшін жауапкершілік енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, алаяқтар картаға түскен соманың 3-10 процентін қалдырады. Сол үшін адамның картасын ғана емес, онлайн-банкингін де пайдаланады. Оған алданған халықтың ақшасы аударылады.
Қазіргі кезде әлеуметтік желіде ондай жарнамалар көп. Алдымен жеке карта мен мобильді нөмірді тіркеу керек, басқа адамдарды да тартуға болады. Кей кезде алаяқтар телефонда банкинг орнатуды немесе картаны басқа біреуге беруді сұрайды. Артынан дәл сол карталар мен абоненттік нөмірлерді ақшаны шығару үшін қолданады, – деді Дүйсетаев.
Карта иесінде қалса, оған түскен ақшаны криптовалюталық биржалар немесе халықаралық аударымдар жүйесі арқылы басқа адамға жіберу керек. Алаяқтар осы қызмет үшін ақысын қалдырады.
Осылайша азаматтар алаяқтық схемаларға тартылады және қылмысқа қатысушы болып саналады. Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары да, шетелдіктер де ұсталып жатыр. Барлығы жеңіл ақша табамын деп, алаяқтарға көмектескен, – деп атап өтті Дүйсетаев.
Қазіргі кезде ішкі істер министрлігі құзіретті мемлекеттік органдармен бірге банк картасын қолдануға қатысты жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
Соның ішінде банктің пластикалық карталарын басқа біреуге пайдалануға бергені үшін жаза қарастырылған, – деді маман.
Айта кетері, жыл басынан бері республика бойынша 17,5 мың қылмыс тіркелді. Қазақстандықтар 15 миллиард теңгеден қағылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!