Фото: Sputnik / Наталья Селиверстова

Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі іс-шараларды іске асырып жатыр.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары зардап шеккен қарыз алушыларға мынадай көмек ұсынады:

  • әкімдіктердің тізіміне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтың кредиттер бойынша төлемі автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін 3 ай мерзімге кейінге шегеріледі;
  • зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша төлемді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді;
  • су тасқынынан шаруашылық қызметі бұзылған барлық жеке кәсіпкерге, шағын және орта бизнес субъектілеріне олар берген өтінішті ескере отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

«Банктер мен микроқаржы ұйымдары мүлікке және жеке шаруашылыққа, қарыз алушылардың кірісі мен қаржылық жағдайына келтірілген залалдың әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді. Оның негізінде кредиттер бойынша қосымша дербес қолдау көрсету шаралары айқындалады», – деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегілер.

Зардап шеккен азаматтар мен кәсіпкерлерге қарыз алушыларға көмек көрсету шаралары туралы хабарлау мақсатында кредиттік ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында тиісті өтініштерді берудің нақты алгоритмі және кредиттерді қайта құрылымдауды жүргізу тәртібі жарияланып жатыр.

Қарыз алушылармен өзара іс-қимыл процесін жеңілдету үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары өтініштерді қашықтан беру сервисін іске асырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!