Мәжіліс «Банктер және банк қызметы туралы» және оған ілеспе заң жобасын қарауға кірісті. Оған сәйкес, қандай да бір ірі банкті банкроттықтан мемлекет құтқарып қалса, оның қосымша шығарылған акцияларын сату кезінде Үкіметтің шығынын өзге банктердің өтеуіне тура келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сарапшылардың байламынша, бұл шығынның жүктемесі ақыр соңында халықтың иығына жүктеледі. Өйткені банкирлер бірінші кезекте меценат емес, бизнесмен, сондықтан оған кеткен шығынын банктік қызметтері, тарифтері мен комиссиялары арқылы клиенттерінен өндіріп алады. Бұдан кредиттер де қымбаттайды.
Заң ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбжанов «ЮРИСТ «Параграф» порталында жариялаған мақаласында жаңа заң жобасының 100-бабы өткір резонанс туғызып отырғанына назар аудартты. Бұл бапта мемлекет пен салымшылардың шеккен залалын қалыпты жұмыс істеп тұрған өзге банктер есебінен өтеу ұсынылады.
Бұған дейінгі тәжірибе бойынша жүйе құраушы банк жайрап қалмауы үшін мемлекет оған бюджеттен, Ұлттық қордан көп көлемде қаржы бөлетін, айналымдық қаржысын толтыратын. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры оның акцияларын сатып алатын.
Жаңа схема қандай?
Заң жобасында ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, жүйелік маңызы бар екінші деңгейлі банкке банкрот болу қаупі төнсе, біріншіден, қаржылық реттеуші ЕДБ-ның акцияларын мәжбүрлі түрде қосымша шығарттырады. Екіншіден, мемлекет оны құтқару үшін бюджет қаражаты есебінен сол акцияларды сатып алады. Осылайша, банктің қожайынының не акционерлерінің банктегі үлесі кемітіледі.
Үшіншіден, банк жұмысы қалыпқа келтірілгеннен кейін оның акциялары жаңа инвесторға сатылуға және оның құрамынан мемлекет мейлінше тез шығуға тиіс.
Алайда сарапшының түсіндіруінше, әлгі акцияларды сатудан түскен түсім мемлекеттің сол ЕДБ-ны құтқару үшін жұмсаған бюджеттік шығыстарынан әлдеқайда аз болып шығуы мүмкін. Бұған дейінгі кезде солай болған.
Сондай-ақ бұл – нарық заңы: қуаты қашқан қаржылық ұйымның акциялары қымбат тұрмайды, саналы бірде бір бизнесмен берешекке батқан банкке үлкен баға ұсынбайды, керісінше, оның шығындарын «жабуға» кететін шығыстарын назарға алып, үлкен дисконтпен сатып алуға ғана келіседі.
«Мұндай жағдайда мемлекеттің шығынын қалған банктердің жарналары есебінен өтеу қарастырылады. Жүйе құраушы банкті құтқарудың салдарларын еңсерудің ұжымдық ауыртпалығын көтеруге басқа саламатты банктердің қатысуы мұнымен шектелмейді. Аталған 100-ші бап құтқарылған банктің депозиторлары мен өзге кредиторларының да шығындарын өтеу үшін бүкіл банк секторына жарна енгізу міндетін жүктейді», – деп мәлім етті Дәулет Әбжанов.
Салдарынан, басшылығының сауатсыз, тіпті арам қарекеттері кесірінен ірі банктің төлем қабілетсіз жағдайға жетуінің «мультипликативті» теріс әсері бүкіл банк секторына таралады. Мұндай талап шетелдік банктерді қазақстандық қаржы нарығына кіруден айнытуы мүмкін.
Жаңа заң жобасында күрделілеу схема ұсынылған.
Ол бойынша:
- реттеу режимін қолдану нәтижесінде жүйе үшін маңызы бар банктің депозиторлары мен өзге кредиторларының іс жүзінде шеккен шығындары;
- реттеу режимін қолданбай, банкті мәжбүрлі таратқан жағдайда банк кредиторлары мен депозиторлары шегуі мүмкін шығындар арасындағы айырманы өзге банктер өтеуге мәжбүрленеді.
Бұл айырманың қанша соманы құрайтынын мемлекет, яғни, шенеуніктер белгілейді.
Салдарынан, басқа барлық қалыпты жұмыс істеуші банктерге мемлекеттің де, депозиторлардың да, өзге кредиторлардың да шығындарын өтеу жүгін бірлесе көтеруге тура келеді.
Сарапшы мұнда коррупциялық қауіп-қатер барына назар аудартты. Мысалы, Қазақстан тарихында бұған дейін болғандай, қандай да бір алпауыт банктің топ-менеджменті биік лауазымды шенділердің қалқан болуымен, банктің активтерін тонап, шетелге шығарып әкетіп, табанын жалтыратуы ғажап емес.
Олардың қолымен от көсеген «шортандар» жасырын қалады, есепсіз байлыққа батады. Есесіне, олардың заңсыз мәмілелерінен бұған еш қатысы жоқ өзге банктер зардап шегуі мүмкін. Сарапшы құтқарылған банктің топ-менеджментінің ғана емес, дағдарыстың алдын ала алмаған қаржылық реттеу агенттігі басшылығының қателігін өзгелерге өтеу ұсынылып отырғанын қаперге салды.
Әбжанов сыбайлас жемқорлыққа дем берер тағы бір ықтимал сценарийді сипаттады: ол бойынша шенеунік пен жаңа инвестор құтқарылған банктің акцияларын барынша төмен бағаға, тіпті су-тегінге сату туралы өзара ымыраласып алуы мүмкін. Өйткені бұдан бәрібір мемлекет шығын шекпейді: залалды қалған банктер өтейді.
Дегенмен, мұндай құйтырқы тірліктерден өзге банкирлердің де «қылы қисаймайды». Олар осы шығыстарының бәрін клиенттеріне аудара салады. Салдарынан, қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлеген заңнамалық түзетулерден жалғыз зардап шегуші – халық болмақ.
«Осы аталған шығындардың бәрінің ауыр жүгін ақыр соңында кімнің көтеретінін білесіз бе? Барлық банктің клиенттері! Себебі, өзге екінші деңгейлі банктер мемлекеттің шығындарын өтеуге кеткен төл шығыстарын өтеуі керек. Олар оны қалай өтейді? Банктік тарифтері мен комиссияларын көтереді. Бизнестің заңдылығы осындай. Міне, осы себепті ұсынылған схемадан түптің түбінде тек қалыпты жұмыс істейтін банктердің клиенттері ғана жапа шегетін болады», – деді Дәулет Әбжанов.
Бұған қоса, банктердің бәрінде кредиттердің сыйақылары, қызмет көрсету құны жоғарылайды. Сорақысы сол, ЕДБ-лар өз шығыстарын қайтарып алғаннан кейін тарифтері мен комиссияларын қайтадан арзандатпайды.
Өйткені бұл олар үшін жаңа нормаға айналады және кіріс бойынша келесі жоспарларға негіз болады. Егер клиенттерінен жинайтын ақыларын төмендетсе, бұл банктің кірісін азайтады, табыстылық-рентабельділігіне кері әсер етеді, акцияларының құнсыздануына соқтырады.
Сарапшы жаңа заң жобасында тек жүйе құраушы банктерді ғана мемлекеттің құтқаруы көзделетінін ескертті. Елдегі 22 банктің оншақтысы ғана жүйелік маңызы бар ЕДБ саналады.
Қалған ұсақ банктердің кемсітушілікке ұшырайтын түрі бар: бір жағынан, егер ахуалы нашарласа, мемлекет оны құтқармайды, банкрот қылады. Екінші жағынан, басқа ірі банк төлем қабілетсіз болып қалса, Үкімет оны құтқару шығынын ұсақ банктен де өндіртіп алады.
Өз кезегінде, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «ҚР банктер және банк қызметі туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары аясында төлем қабілетсіз банктерді реттеу үшін жаңа тетікті енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, әрбір ЕДБ қожайыны енді өз банкінің жағдайы нашарласа, не істейтінін тәптіштеп жазып, мемлекетке арнайы жоспар ұсынуға тиіс. Әрбір банктің бұл жоспары жыл сайын өзектілендіріледі.

«Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін банктерді қалпына келтіру жоспарларын және реттеу жоспарларын әзірлеуді көздейтін жаңа талаптар енгізіледі. Қалпына келтіру жоспарлары банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды қамтиды. Мұндай жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің міндеті болады», – деп мәлімдеді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Оның мәліметінше, жүйелік маңызы бар банктер үшін «шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы» енгізіледі: бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың өз міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау, соның ішінде мемлекеттің қолдауы қажеттілігін азайтады.
Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс төтенше шара ретінде, әрі тек жүйе құраушы банктерге қолданылатын болады.
«Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүйелік маңызы бар банктің капиталына тікелей кіру – мемлекеттік қолдаудың жалғыз нысаны болады. Мемлекеттің қатысуы уақытша әрі өтеулі сипатта болады және ең аз, қажетті көлемде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда банкке банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады», – деді агенттік төрайымы Әбілқасымова.
Қаржылық орнықтылығы қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал, салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!