Sputnik. Министрлер кабинеті цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалауға және қадағалауға арналған пилоттық жобаларды іске асыру барысын пысықтап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, осы уақытқа дейін айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылды. Ал осы ақшаны игеруге арналған платформа әзірше тәжірибелік-өнеркәсіптік алаң ретінде жұмыс істеп тұр. Биыл желтоқсан айында оны толыққанды іске қосу жоспарланып отыр.
Пилоттық жобалар аясында цифрлық теңгені бірнеше бағытта сынап көрді. Нәтижелері:
қосылған құн салығын қайтару мерзімі 75 күннен 5-ке дейін қысқарды;
таңбаланған цифрлық ақшамен «Павлодар – Атырау» және «Мұқыр – Құлсары» жолдарын жөндеу, сондай-ақ, «Достық – Мойынты» темір жолы мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры учаскесінің құрылысы төленді;
«Ауыл аманаты» шағын несиелеу бағдарламасы аясында қаражатты уақытша бұғаттау тетігі сынақтан сәтті өтті.
Алдағы уақытта тура солай «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын, газ бөлу кешені және «Бақты – Аягөз» теміржол учаскесі сияқты жобаларды қаржыландыру жоспары бар.
Цифрлық теңге енгізілетін басқа да бағыттар:
• жылжымайтын мүлікпен және автокөлікпен мәмілелер жасау;
• мектептегі тамақтану;
• қымбат тауарларды сатып алу;
• агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік несиелеу.
Ал премьер-министр цифрлық теңгені кеңінен енгізу қажеттігін жеткізді.
«Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің «Цифрлық теңге» платформасымен уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық базаны пысықтау керек болады. «Боялған ақша» тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуы тиіс», – деді Бектенов.
Премьер-министр жақын арада ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде жүз ірі жобаны «цифрлық теңгемен» төлеуді тапсырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!