Фото: abai.kz
KAZINFORM – «Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ті Қатар инвесторына сатудың мән-жайын түсіндірді.
Қазір холдинг шетелдік Lesha Bank-пен келісімшартты аяқтау үшін тиісті рәсімдерді атқарып жатыр.
«Шарт жоспардағыдай бекітілген жағдайда, түскен қаражат Ұлттық қорға бағытталады», – делінген «Бәйтерек» холдингінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар холдинг инвестордың Bereke Bank-тің осыдан кейінгі қызметіне қатысты нақты жоспарынан хабарсыз екенін мәлім етті.
Еске салсақ, қатарлық Lesha Bank «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінен Bereke Bank-ті сатып алды.
Келісімге 2024 жылғы 31 наурызда қол қойылған. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құраған.
«Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінде «Сбербанк Қазақстан» компаниясының иесі болды. Кейінірек Сбербанк атауы Bereke Вank болып өзгерді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!