Қарызы жабылмаған адамдар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына қол қойды. Бірақ заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осы орайда қарызы барлар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады», – деді Е.Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұл тұрғыда ол банкроттық туралы заң рәсімдердің үш түрін қарастыратынын, онда соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қамтылғанын еске салды. Бұл рәсімдерді тек қарыз алушының өзі ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты осы рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

«Соттан тыс банкроттыққа тоқталсақ, бұл рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша тиісті шарттарға сәйкес қолдана алады. Біріншіден, олардың алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс. Екіншіден, қатарынан 12 ай ішінде қарызына қатысты міндеттемелері өтелмеген болса, сондай-ақ өтініш берушінің мүлкі болмаған жағдайда іске асырылады», – деді вице-министр.

Бұл рәсімді мемлекеттік кірістер органдары атқаратын болады.

Арызды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, яғни E-gov және ХҚКО арқылы электрондық нұсқада тапсыруға болады. Бұдан басқа, «E-salyg Azamat» қосымшасы арқылы арыз беру мүмкіндігі іске асырылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың банкроттық жариялауына болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!