Фото: Midjourney
KAZINFORM – Биыл 3 трлн теңге сомаға 234 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«Инвестициялық белсенділік серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Үкімет алдына инвестициялар тарту бойынша өршіл міндеттер қойылды. 2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады. Бұл өткен жылдың қорытындысынан 22 пайызға артық. Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы аясында биыл 2,3 трлн теңге сомаға 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдейді. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасуда», – деді ол.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда инвестициялар тарту бойынша бірқатар тиімді құрал қолданылады. Ірі инвесторларды тарту үшін Басым қызмет түрлерінің тізбесінен тыйым салынған тізімді қалыптастыруға көшу жолымен Инвестициялар туралы келісім жасасу тетігі жетілдірілді.
Бүгінгі таңда осындай 6 Келісім жасалды. Тауар өндіруші кәсіпорындарға салық заңнамасының 10 жыл тұрақты болуына кепілдік берілетін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі беріледі. Инвестициялар бойынша салық заңнамасының тұрақтылығы кәсіпорындарға инвестициялардың қайтарымдылығын болжауды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді кезеңге қаржылық ағындарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінде 6 инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалды. Геологиялық барлауға инвестициялар тарту және Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді.
«АЭА тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, барлық инвестициялық міндеттемелер орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды. Бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады. Ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді», – деді Нұрлан Байбазаров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!