Іnbusiness.kz. Монетарлық реттеушінің ұстанымынша, тұрмыстық техника, ұялы құрылғылар, автокөлік және басқа тауарларды бөліп төлеу тәсілімен сататындар жұртшылықты жаппай алдап келді. Өйткені «тауар не қызмет ақысын бірден емес, асықпай бөліп төлейсіз» деп жүргені – шынында, «бүркемеленген кредит».

Елордалық жас маман Ерлан «бөліп төлеудің» фанаттарының бірі. Оның қалтасындағы смартфоны, қолындағы смартсағаты, ойынға арналған компьютері, тіпті қымбат киім-кешегі – бәрі-бәрі осы тәсілмен сатып алынған.

«Тіпті азық-түлікті де кейде «рассрочкаға» алғызамын. Бұл үшін жеңілдік те береді. Былтыр жас мамандарға көмек аясында жаңа пәтер алдым. Оны да бөліп төлеу тәсілімен жиһаздап шықтық. Әйелім екеуіміз осы қаптаған қарызды жабу үшін ай сайын 270-300 мың, кейбір айда 400 теңгеге дейін жұмсаймыз. Бірақ бұдан бәрібір бас тартпаймыз. Өйткені басқаны айтпағанда, үйді жиһазбен жабдықтап шығу үшін бірнеше жыл қаржы жинап, едендегі матраста ұйықтайтын едік. Оның үстіне ақша жинау да қолдан келмейді, бәрібір түскенін түскенше жұмсап қояр едім», – дейді Ерлан.

Белгілі психолог Айбек Сыдықов «бөліп төлеу» адамды аздыратынын айтады. Кедей адамдардың өзі тіршілік үшін өмірлік маңызы жоқ тауарларды соған сатып ала бастайды.

«Жұрт бөліп төлеуді дұрыс түсінбейді, кейде тегін беріп жатқандай көреді. Мысалы, дүкенге барып, дүкеншіге: «мына затты берші, ақшасын кейін әкеп беремін» десеңіз, бермейді ғой. Ал, бөліп төлеуде береді. Солай емес пе? Олай емес, бұл тетіктің артында шынында кредит жатыр. Бірақ ол кредитті банкке тікелей тұтынушы емес, саудагер астыртын төлейді. Сол үшін сатушы бөліп төлеуге беретін тауарының бағасын көтереді. Бұдан ұтатыны да осы екеуі. Банк заемы үшін пайыздап пайда табады, мұны мерчант дейді. Ал, саудагер тауарын тезірек сатып, тауарайналымын арттырады. Осының бәрі үшін клиент ақы төлейді», – деп түсіндірді журналистерге психолог.

Маманның айтуынша, «қазір сатып ал, ақысын кейін төле!» деген ұранмен дәріптеліп жатқан бөліп төлеу тәсілі қазақстандықтарды қарызға өмір сүруге жаппай жаман үйретті.

Сарапшы табысы аз адамдардың да осы тетік арқылы «шалқып өмір сүруге» көше бастағанына назар аудартты. Бірақ бұл көзбояушылық қана. Ол қарызын төлей алмайтын жағдайға жеткенде, қыр соңына коллекторлар, жеке сот орындаушылары түседі.

Осылайша, бөліп төлеу мен кредит арасында ешқандай айырмашылық қалмайды. Ұлттық банк те саудагерлердің сатып алушысына тегін сыйлық жасайтынына сенбейді.

ҚРҰБ төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың түсіндіруінше, бөліп төлеумен жасалған сауда – тіпті де тегін сыйлық емес. Бұл сондай-ақ тауарды алудың тиімді жолы болып есептелмейді. Өйткені жинақ жинасаңыз, мысалы, қалаған тауарыңызды кейін акциямен немесе үлкен жеңілдікпен сатып алуыңызға болады.

Еліміздің бас банкирінің орынбасары бөліп төлеудің шынында қарапайым кредит екенін мәлім етті. Тек мұнда банктің пайыздары мен комиссиясы тауардың құнына алдын ала қосып қойылған.

Сіз белгілі бір тауарды бөліп төлеумен алмас бұрын нарықтағы бағаны салыстырсаңыз, осы тәсілмен ұсынылған тауардың өзгеге қарағанда қымбатырақ екенін байқар едіңіз. Салыстыруда ірі сауда орындарын басшылыққа алмаңыз: әдетте олардың дилер-дистрибьюторлары бір болып келеді де, бәрінде бірдей баға белгіленуі мүмкін.

Мысалы, белгілі ұялы оператор өз интернет-дүкені арқылы 256 GB-тық Samsung Galaxy S25 5G Navy смартфонын 455 мың теңгеге бөліп төлеумен сатуда. Бір жыл бойы айына 38 мың теңгеден ғана төлеп тұрасыз дейді.

Елордада ұялы телефондар сататын шағындау, тәуелсіз дүкендерді араласаңыз, дәл осы смартфон 400, тіпті 390 мың теңгеден сатылуда. Бұл жағдайда ұялы телефон операторы сізге банктің пайыздары мен сыйақысын ғана емес, өзінің тарифін де тықпалайды.

Ұлттық банк басшылығы өкілінің мәліметінше, сатушылар мен банктер клиентінің қанша қаржыны асыра төлейтінін көбіне жасырып, айтпайды. Танымал тұрмыстық техника дүкендерінің желісі бөліп төлеу науқаны қарсаңында үлкен Side by Side тоңазытқыштардың бағасын 50-ден 100 мыңға дейін қымбаттатып жіберген.

Науқан артта қалған соң тоңазытқыш партиясының өтпей қалған бірліктерін 150 мың теңгеге дейін арзандатып сатқан. Яғни, бөліп төлеуге қызықпай, ақшасын асықпай жинағандар «арбамен қоян алды», мына жағдайда әлдеқайда арзанға тоңазытқыш алды.

Сондықтан Ұлттық банк пен Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті компанияларды бөліп төлеу тетігін «мөлдір» етуге міндеттеу жолдарын қарастыруда.

Құзырлы органдар «пайызсыз бөліп төлеу» нәтижесінде клиенттің шынында қанша ақшаны артық төлейтінін, мысалы, оның құрамына банктің қанша теңге пайыздық сыйақысы мен комиссиясы қосылғанын ашып көрсетуге міндеттеуге ниетті. Сонда бұрын бұл туралы білмеген кейбір тұтынушы ойласа келе, бөліп төлеуден бас тарта алады.

Айтпақшы, бөліп төлеу науқаны кезінде сатушылар мұндай тәсілмен сатып алынған тауардың қайтаруға жатпайтынын мәлімдеп жатады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мұның заңға қайшы екенін ескертті. Ведомство тұрмыстық техниканы тіпті маркетплейстен «бөліп төлеумен» алсаңыз, оны кейін қайтаруға болатынын мәлім етті.

Ведомство Абай облысындағы табанды, талапшыл клиенттің тәжірибесін мысалға келтірді. Тұтынушы танымал маркетплейс алаңынан шаңсорғыш сатып алады.

Тауар қолына тиісімен, техниканы тексергенде, жуғыш шаңсорғыштың құрғақ сору кезінде де еденде ылғалды із қалдыратынын анықтайды. Ал, бұл ақау болып табылады.

Тұтынушы алдымен тауарды кері қайтару туралы онлайн-дүкенге өтініш жібереді. Маркетплейс тауарды сараптамаға жібереді. Сараптама нәтижесінде «шаңсорғыш дұрыс жұмыс істейді» деп танылыпты.

Егер техника жаңа күйінде еденде су дағын қалдыратын болса, ескірген соң одан тағы қандай шикіліктер шықпақ? Тұтынушы тауарды тексерген компания өндірушінің ресми сервис-орталығы болмағандықтан, оның сараптамасының сенімділігіне күмән келтіреді.

Осы процедуралардың бәрін күтіп, сергелдеңге түсіп жүргенде біраз уақыт өтеді. Тұтынушы рәсімделген бөліп төлеу бойынша төлемдерді уақытында жасап отырады, ал, тауар сатушыда қала берген.

Қажыған клиент ақыры жергілікті Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданады, ақаулы шаңсорғышқа кеткен ақшасын қайтарып беруді сұрайды.

«Департамент қызметкерлері онлайн-дүкеннің басшылығына хабарласып, тұтынушы құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың нормаларын орындау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 29-бабының 5-тармағына сәйкес, тауарды үлгі немесе сипаттама бойынша сату кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге, сипаттамаға сай келетін тауарды беруге міндетті. Департамент жұмысының нәтижесінде шаңсорғышқа тапсырыстың (заказ) күші жойылды және тұтынушыға ақшасы толық көлемде кері қайтарылды», – деп хабарлады ведомство.

«Бөліп төлеудің» суасты иірімдеріндей, көрінбейтін көптеген кемшілігі бар. Осы бүркемеленген кредиттің қамытын біраз уақытқа мойныңызға ерікті түрде киюге асықпаңыз.

Психологтардың айтуынша, алдымен ондай тауардың шынымен қажеттігін бағамдаңыз. Өткір мұқтаждық болса, шұғыл қажеттілік туындаса және ақша жинақтау мүмкін болмаса ғана бөліп төлеуге жүгінуге болады. Басқа жағдайда бұл тетіктің сізге қажеті де жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!