Еnergyprom.kz зерттеуі осы мәліметпен қатар, елдегі құрылыс қарқынын зерттеп, урбанизация деңгейін сараптап көрген. Қазақстанда урбанизация процесі қарқын алып келеді. Еске сала кетейік, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан 2015 жылы орнықты даму саласындағы мақсаттарға (ОДМ) қол жеткізу бойынша міндеттемелерді қабылдаған болатын. ОДМ – бұл кедейлікті жоюға, планетаны қорғауға және қай жерде болсын, әр адамның өмірі мен болашағын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттер.
«Қазақстанға келер болсақ, мұнда жағдай айтарлықтай оң сипатқа ие. Бұл міндетке табысты құрылыс қарқыны мен халықтың өсу қарқынының арақатынасы, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші айқындайды. Құрылыс қарқыны Қазақстандағы халықтың өсу қарқынынан бірнеше есе жоғары. Мәселен, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша елде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – бір жыл бұрынғыға қарағанда 10,3 пайызға артық. Бұл ретте жалпы көлемнің төрттен үш бөлігі қалаларда тапсырылды: 5,7 млн шаршы метр. Биыл барлығы 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Яғни жаңа рекордтық көрсеткіш байқалады. 2020 жылы елде 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылған еді», – делінген зерттеуде.
Қазақстандағы халық санының өсімі жыл сайын шамамен 1,3 пайыз. Осы жылдың 1 шілдесі бойынша Қазақстанда 19 млн адам тұрған. Қала халқының өсімі 2 пайызға өсіп, 11,3 млн адамды құрады.
«Қазақстанда тұрғын үй құрылысы көлемінің дәл осылай өсу қарқыны мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолжетімді ипотекалық несиелеумен қамтамасыз етілген. Өткен онжылдықтың басынан кейін 2015-2016 жылдары «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламасын іске қосу тұрғын үй секторының дамуына қуатты серпін берді», – дейді зерттеушілер.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация деңгейі 69,1 пайызға жетеді. Яғни елдің 10 тұрғынының 7-еуі қалада тұрады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!