ҚР Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін неге нақты 61 болып белгіленгені жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әйелдердің зейнет жасы одан әрі көтеріледі деген ойда жүрген едік. Президенттің Жолдауда осы мәселе туралы айтқан ұстанымы өте орынды деп ойлаймын. Өйткені 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61-ден жоғары болмайды деп отыр. Осы жаңалықты бәріміз асыға күткен едік», – деді депутат Парламент кулуарында.
Айтуынша, сайлаушылар тарабынан да осындай бастама, ұсыныстар көп айтылған.
«Биыл 61 жастағы әйелдер зейнетке шығады. Осы тізбекпен 63 жасқа дейін көтеріледі деп жобаланған дүние еді. 2028 жылға дейін 61-ден ары көтерілмейтіні зейнет жасына таяп жүрген талай әйелдің көңіліне қонды деп ойлаймын. Ел ішінде «Әйтеуір түсірген соң 58-ге дейін апару керек еді» деген пікірлер де айтылуы мүмкін. Бірақ біздің қалауымыздан бөлек мемлекеттің мүмкіндігі ескерілуі керек. Президент әйелдердің 61 жастан бастап зейнетке шығатынын және бұл меже 2028 жылға дейін өзгермейтінін айтар алдында тиісті есеп жүргізілгені анық. Экономистер, сарапшылар отырып, әйелдердің зейнет жасын қай межеде қойса, мемлекет мүмкіндігіне сыйымды екенін таразылады. Сондықтан бұл дұрыс қадам деп есептеймін»,- деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2028 жылға дейін әйелдер 61 жастан зейнетке шығатынын мәлім етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!