Қазақстандықтардың қаржысын қорғау мен көбейту мәселесі бұрыннан өзекті. Елімізде алтынның бір грамм бағасы 67 966 теңге 79 тиынға жетті. Бұл соңғы бір жыл ішіндегі 70%-дық өсім. Қазіргі таңда алтын әлемдік деңгейде ең тұрақты әрі перспективалық инвестициялық құралдардың бірі. Осы орайда қаражатты доллар немесе алтын ретінде сақтау керек пе деген сұрақ туындайды. Анық-қанығын білу үшін сарапшыдан сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алтын экономиканы тұрақтандырушы элемент ретінде қарастырылады. Сондықтан көптеген елдердің орталық банктері өздерінің алтын-валюталық резервтерінің белгілі бір бөлігін дәл осы алтын түрінде сақтайды. Тамыз айында әлемнің орталық банктері өз алтын қорларын тағы 15 тоннаға көбейтті. Бұл мәлімет Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) есебінде жарияланды.

Қазақстанның да алтынға қатысты өзіндік стратегиясы бар. Бұрынғы жылдары, шамамен соңғы жиырма жыл көлемінде, еліміздің алтын-валюта қорының шамамен 50 пайызы алтын түрінде болуы тиіс деген қағида қолданылған. Кейін бұл үлес азая бастады, сол кезеңде Қазақстан керісінше алтынды көбірек сата бастады.Ал қазіргі уақытта жағдай өзгерді. Әлемдік нарықта алтын бағасының өсуіне байланысты Қазақстан өз инвестициялық стратегиясы аясында алтын қорын қайта көбейтуге кірісті,-дейді сарапшы Айбар Олжай.

Ішкі нарықтағы ерекшелік

Қазақстанның артықшылығы елдің ішінде алтын өндіретін ірі компаниялардың бар болуы. «Қазақалтын», «Алтыналмас» және басқа да өндіріс орындары бар. Осы кәсіпорындардың барлығы өндірілген алтынды Ұлттық банкке өткізуге міндетті. Ұлттық банк бұл алтынды теңгемен сатып алады.

Қазақстанда алтын сатып алу процесі қиын емес. Ұлттық банк алтын сатып алғаннан кейін оның долларлық құнын есептеп, тиісті мөлшерде долларды Қазақстан қор биржасында теңгеге айырбастайды. Бұл теңге массасының шамадан тыс өсуіне жол бермейді. Осы тетік арқылы Қазақстан өзінің алтын-валюта резервін тез әрі тиімді толықтыра алады. Ал әлемдік нарықта алтын бағасы қымбаттаған сайын, еліміздің де резервтерінің құны артып келеді. Кей жағдайда Ұлттық банк сыртқы нарықта да алтынды тиімді бағамен сата алады. Бұның барлығы елдің инвестициялық стратегиясына байланысты жүзеге асады,-дейді сарапшы.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда алтын ең тиімді инвестициялық бағыттардың бірі болып отыр. Себебі, доллар да инфляция әсерінен құнсызданып келеді. Сондықтан қазіргі жағдайда алтын сақтау долларға қарағанда әлдеқайда тиімді шешім.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!