Кез келген адамды «банк таратылған жағдайда, одан алған несиенің тағдыры не болады» деген сұрақ мазалауы мүмкін. Кейбірі ай сайынғы қарызды төлеу жауапкершілігінен құтыламын деп ойласа, енді бірі кредитті өтеу міндет деп санайды. Sputnik Қазақстан осы сауалдың жауабын іздеп көрді.

Банк таратылса, кредит кешіріле ме

Қандай да бір себептермен екінші деңгейлі банк жабылып қалса, одан алған несие кешірілмейді. Клиент өз қарызын толығымен өтеуге міндетті.

«Қазақстан заңнамасында таратылатын банктердің қарыз алушыларын кредиттен немесе өзге де мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындаудан босатуға мүмкіндік беретін норма жоқ», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Sputnik Қазақстан сауалына берген жауабында.

Егер банкке қарызы бар адам ай сайынғы кредитін төлемесе, онда дебиторлық берешек сот тәртібімен өндіріп алынады.

Кредит төлеуді кешіктірсе не болады

Банктер туралы заңға сәйкес, борышкерлер банк лицензиядан айырылған күннен бастап негізгі берешекті, сыйақы мен өсімпұлды өтеу бойынша міндеттемелерді бұған дейін жасалған келісімшартқа сәйкес орындайды.

Егер банктің клиенті ай сайынғы төлемді тоқтатса, онда төлем мерзімі кешігіп, өсімпұл есептеледі. Банк таратылғанымен, кредит бойынша процент, айыппұлдар мен өсімпұлдар тоқтатылмайды.

Агенттік кредиттік міндеттемелерді орындамау қоса қарыз алушыға, кепілгерге және кепіл берушіге айтарлықтай қиындық келтіруі мүмкін екенін ескертті. Өйткені олар да қарыз алушы сияқты қаржы ұйымдарының алдында жауапты болады.

Жабылатын банктің кредиттерімен кім айналысады

Банкті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданғаннан кейін, уәкілетті орган уақытша әкімшілікті тағайындайды. Уақытша әкімшілік бұрын берілген кредиттердің қайтарылуын бақылайды. Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі күшіне енген соң, клиенттердің ақшаны қайтаруын бақылауды тарату комиссиясы жүзеге асырады.

Тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан әрекет етеді. Оның құзыретіне кредиторлар тізімін жасау, мүлікті сату бойынша сауда-саттық ұйымдастыру, кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу кіреді. Комиссия әр мәселе бойынша дербес шешім қабылдай алады.

Банк мәжбүрлеп таратылатын кезде кредиторлардың мүддесін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешім қабылдау үшін Кредиторлар комитеті құрылады. Оның негізгі өкілеттіктері – банк активтерін (мүлкін) өткізу жоспарын бекіту және тарату шығыстарының сметасын бекіту.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысына сәйкес, жабылатын банктің барлық мәмілесін аяқтаумен тарату комиссиясы айналысады. Ол банктің кредиттік портфелін үшінші тарапқа, яғни басқа банкке, коллекторлық агенттікке немесе ипотекалық компанияға сату туралы шешім қабылдайды. Немесе лицензиядан айырылған банктің кредиттік портфелін басқаруды жалғастырады.

Сондай-ақ тарату комиссиясы кредиторлар комитетімен келісіп, өсімпұлды есептен шығару туралы шешім қабылдай алады. Бұған қоса сыйақыны, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтата тұра алады.

Еске салсақ, Қазақстанда қазір тоғыз банк таратылу процесінде тұр.

Олар: Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan. Бұл банктердің лицензиялары кері қайтарып алынған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!