Ақша санап отырған кішкентай қыз. Көрнекі фото: NUR.KZ
Елімізде көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Бірақ олардың алатын жәрдемақысының мөлшері әр түрлі болуы мүмкін. Бұл неге байланысты екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында түсіндіріп өтті.
Қазақстанда отбасында бала саны 4 баладан кем болмаса, олар заңды түрде көпбалалы отбасы болып саналады. Сондай-ақ бұл дегеніміз – олардың айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшеріне байланысты тиісті мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар екенін білдіреді. Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 8,5 пайызға (3180 теңгеден 3450 теңгеге дейін) артқан. Бұл ретте көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де өскен. Алайда төлем мөлшері бәріне бірдей емес, бала санына қарай есептеліп, төленеді. Мәселен: 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге; 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге; 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге; 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге; 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға, әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.
Айта кетейік, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы, Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.
Мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 538,3 мың отбасы қамтылған, оның ішінде наурыз айында 544,3 мың отбасыға 34,3 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!