Елімізде пойыздарда жүру құны едәуір төмендейді. Бас көлік прокуратурасы заңсыз баға белгілеу принципін анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас көлік прокуратурасы ақпаратына сүйенсек, жоспарлы талдау шеңберінде көлік саласындағы уәкілетті органның «Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушыларды тасымалдау жөніндегі қызметтерге бағалардың (тарифтердің) шекті деңгейлерін айқындау әдістемесін бекіту туралы» бұйрығы зерделенген. Нәтижесінде динамикалық баға белгілеу принципі бойынша жол жүру құнын анықтау формуласы заңсыз енгізілгені анықталып отыр. Бұл іс жүзінде жол жүру құжат бағасының қымбаттауына әкеп соққан.

“Осы нормативтік актіге ағымдағы жылдың 21 ақпанында Бас көлік прокуратурасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне наразылық келтірілді, ол толық көлемде қанағаттандырылды. Бүгінгі таңда теміржол билеттерін сату кезінде динамикалық баға белгілеуді қолдану тоқтатылды. Осы норманы алып тастау туралы бұйрықтың жобасы уәкілетті органдармен келісілу сатысында” – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ прокуратура бастамашылығымен енгізілген түзетулер жолаушыларға пойыздарда жүру құнын едәуір төмендетуге және билеттердің шекті бағасын белгілеуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!