Орта салмақта IBF белбеуінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин келесі кездесуін желтоқсанда өткізеді, – деп жазды Vesti.kz.

Промоутер Том Леффлердің айтуынша, Головкиннің қарсыласы белгісіз. Ал оның Сауль Альвареспен үшінші кездесуі 2022 жылы өтуі мүмкін.

«Қазір Головкин Лос-Анджелес қаласында. Шаршы алаңға жылдың соңында оралуға ниетті. Әлі ешқандай келісімшарт жасалмады. Бірақ жылдың соңында ол шаршы алаңға шыққысы келеді», – деді Т.Леффлер.

«Альварестің DAZN платформасымен келісімшарты бар кезде оның қарсыласы Головкин болуы керек еді. Алайда 2019 жылы ол кездесу өтпей қалды. Бұл Головкиннің кінәсі емес. Олардың кездесуі енді 2022 жылы өтетін шығар», – деді промоутер.

Еске салайық, осыған дейін Головкиннің қарсыласы орта салмақта WBA (Regular) белбеуінің иегері жапониялық Риота Мурата болуы мүмкін деген ақпарат шыққан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!