Желіде Halyk Bank-тің инвестициялық бағдарламасы туралы фейк таратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақпарат көзінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға апта сайын 125 000 теңге табыс табуды ұсынған жарнама таратылуда. Ол үшін Halyk Bank-ке белгілі бір соманы инвестициялау керек екен. Хабарламада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуреті қолданылған.

«Бұл – фейк. Halyk Bank-те аптасына кемінде 125 000 теңге табыс табуға кепілдік беретін инвестициялық бағдарлама жоқ. Өзекті салымдар туралы барлық ақпарат банктің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында көрсетілген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктер өз салымшыларына апта сайын 125 000 теңгеден бастап кірісті қамтамасыз ете алады деп мәлімдеген емес. Демек, хабарламаның Halyk Bank-ке де, Мемлекет басшысына да қатысы жоқ. Бұл алаяқтардың ісі және оған сенбеген дұрыс», – деп жазды STOPfake.kz тілшілері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!