2023 жыл жаһандық экономика үшін қиын болады деп болжанды. Бұл жайлы Азия экономикалық форумында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева айтқан болатын. «Жаһандық экономика біраз уақыттан бері турбулентті аймақта. Бір күйзелістен екіншісіне тап болып жатыр. Украинадағы қақтығыс пен әлемдегі ақша-несие саясатының салдарынан биыл жаһандық ЖІӨ 3%-дан аз болады» деген пікір айтты ол.

Әлемдік дағдарыс бола ма?

Сарапшылар бұл сөзді қуаттаған. Айтуынша, әлемдік экономиканың үштен бір бөлігі рецессияға ұшырауы мүмкін. Мәселен, 2022 жылы жаһандық өсім 3,2% болса, биыл 2,7%-ке төмендейді. Биыл бірнеше үлкен экономикасы бар мемлекеттердің дамуы төмендейді. Оған бағаның күрт көтерілуі, тасымал тізбегінің бұзылуы, пайыздық мөлшерлеменің өсуі кері әсер етеді.
«Энергетиканың қымбаттауы негізгі тұтынушы елдердегі экономикалық белсенділікті бәсеңдетеді. Салдарынан Еуропалық Одақтың экономикасы 0,5%-тен де аспайды деп болжануда. Алпауыт АҚШ-та қиындықтан айналып өте алмайды. Федералдық резерв 9%-ке дейін өсіп кеткен инфляцияны тежеп, 2%-ке дейін түсіру үшін пайыздық мөлшерлемені көтере беруі мүмкін. Яғни, кредит қымбаттап, бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Cонымен қатар соңғы 40 жылда алғаш рет Қытайдың 2022 жылғы дамуы жаһандық өсім деңгейінде, тіпті одан да төмен болуы мүмкін. Оған негізінен пандемия әсер еткен. Ал Ресей Украина қақтығысының созылуы Еуропалық Одақтың экономикасына да оңай тимей тұр», – дейді Кристалина Георгиева.
Шынында, әлем Ресей бидайы мен Ресей энергетикасынсыз күн көре алатынын көрсетті. Дегенмен барлығы Ресей импортынан арылды деуге тағы келмейді. Бірақ Украинадағы соғыс салдарынан жеткізу тізбектері бұзылды, тасымал құны өсті, Еуропа Ресей энергетикалық тауарларына ішінара эмбарго жариялады. Украинаның да біраз уақытқа ойыннан шығып қалуы географияда қара қуыс туғызды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының рекордтық деңгейге дейін өсуіне, инфляция өсіміне, импортқа тәуелді дамушы елдердегі азық-түлік тәуекеліне әкеп соқты. «Нәтижесінде Еуропа басқаларға қарағанда техникалық рецессияны, сонымен бірге 2023 жылды минуспен аяқтау қаупі бар. Рецессия жұмсақ болады, бірақ одан кейінгі қалпына келтіру шаралары көңіл көншітпейді. Әлемдік экономиканың 2022 жылы баяулауының негізгі себептері 2023 жылы шешілу керек, бірақ мұның өзі жеткіліксіз» дейді FT газетінің сауалнамасына қатысқан экономистердің көпшілігі.

Елде қандайөзгеріс бар?

Ендігі кезекте елдегі жағдайға ойыссақ. Экономикалық зерттеулер институтының болжамы бойынша биыл мемлекет экономикасында өсім 3,8% (2022 жылы – 3,1%) болмақ.Таяуда Үкімет отырысында 2023 жылғы экономиканың нақты өсімі 5,6%-ды құрағаны хабарланды. Жалпы экономиканың барлық негізгі секторларында оң серпін байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда сауда (+19.4%) және байланыс саласында (+18.1%) айтарлықтай өсім тіркелген. Тау-кен өндіру саласының оң аймаққа өтуі (+1.2%) және өңдеуші саланың (+1.6%) бірқалыпты өсіп жатқандығы аясында өнеркәсіп саласы да 1,4%-ға жоғарылаған.
Экономиканың қазіргі даму серпіні болжамды көрсеткіштерден асып түсті. Оның алдағы даму траекториясы енді көптеген қауіп-қатерлердің қысымында болады. Атап айтар болсақ: геосаяси ахуалдың ушығуы, баға құбылмалылығы, әлемде инфляциялық қысымның күшею және орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуы. Бұл жағдайда Үкімет экономикаға қолдау көрсету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырады. Нәтижесінде алдағы дамудың негізгі драйверлері, яғни қозғаушы күштері мыналар болмақ:фискалдық ынталандыру, инвестициялық бағдарламалар мен бастамалардың көбеюі, негізгі капиталға инвестиция салуды арттыру, Қазақстанда өндірілген тауарлардың, оның ішінде мұнай бағасының жоғары болуы және оларға деген сыртқы сұраныстың тұрақтылығы, жаңа тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру және баға қалыптастыру механизмдерін жетілдіру есебінен құрылыс саласының өсуі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге деген сұраныстың бірқалыпты өсуі.
Бұдан бөлек, экономиканы монополиядан арылту бойынша тауар нарықтарында мемлекеттің қатысуының өсуі байқалады, басқаша айтқанда, мемлекеттік монополия орнап келеді. Бұл орайда «Мем­лекеттің бизнеске қатысуы айтарлықтай артып келеді, бірақ ол тек азаю керек. Бұл тенденция бұрын болмаған салаларда да байқалады» дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров.
Прези­дент экономика дамуының халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысуын үнемі айтып жүреді. Сарапшылар да қазір мемлекет тиімділігінің ЖІӨ көлемімен, алтын қорымен немесе экономикалық өсім көрсеткішімен бағаланатын заманның өткенін алға тартып отыр.


Орташа айлық – 365 мың теңге

Жақында Ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы II тоқсанда Қазақстан Респуб­ликасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 17,1 пайызға өскенін хабарлады. Елде жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2023 жылдың II тоқсанында 240 779 теңгеге жеткен. Ал 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70000 теңге мөлшерінде белгіленді.
Өңірлер бойынша орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі Ұлытау облысында (474 421 теңге) тіркелсе, ең төменгі өсімі Түркістан облысында (299 042 теңге) байқалған.
Биылғы жылдың ІІ тоқсанында бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда орташа жалақы ең көп ақпарат және байланыс саласында 36%-ға өскен. Көлік және қойма саласында – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 23,7%, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу саласында 21,8%-ға көтерілді. Білім беру саласында орташа айлық жалақы 10,2%-ға артса, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 15,6%-ды құрады.
Бірақ нақты мәнде жалақы көлемі былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда құрылыста – 3,5%, тұру және тамақтану қызметтерін көрсетуде – 2,6%, білім беруде – 4,8%, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде 0,1%-ға төмендеген.
Бұдан бөлек, 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін 7 жылда 3 млн-нан астам азаматы жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін орталық мемлекеттік және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту картасы әзірленеді. Картада әр өңірдің жылдық жұмыспен қамту индикаторлары белгіленбек.
«Әрбір ашылған жұмыс орны бойынша мониторинг Электрондық биржада жүргізіліп, зейнетақы жарналары мен еңбек шарттарымен расталатын болады. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында тапшылық бар өңірлерге азаматтарды тартудың жаңа механизмдерді жүзеге асады. Мұндағы негізгі шарт – жұмыс орнының болуы және баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Бұл шараларға азаматтардың қолжетімділігін арттыру және уақытылы ақпараттандыру мақсатында өңірлерде мобильді жұмыспен қамту, жылжымалы жәрмеңке және жылжымалы оқу жобаларын іске асырмақпыз» делінген ресми ақпараттарда.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!