Jusan Bank еліміздегі лаңкестік әрекеттердің салдарынан қаза тапқан әскерилер мен тәртіп сақшыларының банктегі несиелері толығымен кешірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Jusan Bank антитеррорлық операциялар мен әлеуметтік тәртіпті қалпына келтіру кезінде қаза тапқан арнайы қызмет және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына қайғыра көңіл айтады. Қаза тапқан қызметкерлердің біздің банктегі ағымдағы кредиттері толығымен кешіріледі”, – делінген банк мәлімдемесінде.
Төтенше жағдай режимінде, банк бөлімшелерінің және мобильді қосымшалардың қызметіндегі шектеу кезінде Jusan Bank өз клиенттерінің – жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кешіктіру үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар уақытша тоқтатады.
Jusan Bank-тiң барлық iшкi жүйелері ақаусыз жұмыс жасап тұр, банк өз қызметін қалпына келтіруді жалғастыруда. Қазіргі уақытта Jusan интернет банкингiнiң жұмысы қалпына келтірілді: сервис қызметтері толық қолжетімді. Сонымен қатар Қазақстан бойынша банкоматтар жүйесі толықтай жұмыс жасап тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!