Алматыдағы «Магнум» супермаркетінде картоп пен қанттың мөлшеріне шектеу қойылды. Бір сатып алушыға әр өнімнен 5 келіден ғана сатып алуға рұқсат етілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Инстаграмдағы krispi_almaty парақшасында супермаркеттен сурет жарияланды. Сатып алушылар дүкен тарапынан қойылған бұл шектеуге наразылық білдірді. «Магнум» супермаркеті шектеудің не үшін қойылғанын түсіндірді. 

«Арам ойлы кәсіпкерлердің алып-сатуын болдырмау үшін бір қолға 5 келіден беріледі», – деп хабарлады дүкен өкілі. 

Алматы кәсіпкерлер басқармасында ақпаратты растады. 

«Магнум» супермаркеттерінде картоп пен қант сатылымына расында да шектеу қойылды. Мұндай тәжірибе бұған дейін де қолданылды. Бұл әлеуметтік қажетті өнімдермен халықты теңдей қамтамасыз ету және қолжетімді бағаны ұстап тұру мақсатында жасалады», – деп хабарланды мекемеден. 

Басқармадағылардың айтуынша, алып-сатарлар таңғы уақытта өнімнің көп бөлігін сатып алып, өз дүкендерінде қымбат бағаға сатып келген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!