Әзірге салық барлық аударымнан емес, кәсіпкерлерден сауда-саттық жасаған кезде ұсталмақ. Онда да 2023 жылға қарай, арнайы заң нормалары бекітілген кезге жоспарланған. Бұл туралы КТК хабарлады.

Аударыммен ақша төлеу қолданысқа енгелі көп бола қойған жоқ. Ыңғайлы тәсілді көпшілік жиі қолданады. Ал бұл – саудагерлерге салықтан жалтарудың таптырмас амалы.

Экономист Сапарбай Жобаев: «Бізде мәселен, дүкендер өзі декларация жасап, бар табысын көрсетуге әлі ынталы емес десек те болады. 20-22 пайыздық көлеңкелі экономика бар дейді. Ал кейбір экономистер оны пандемия кезінде 30 пайызға да шығарып жіберді. Мәселен, 30-35 пайызы болса, үштен бірі, сол үштен бірі салықтан жалтарып жүр», – деді.

Интернет арқылы ақша аударымдарынан салық ұстау мәселесі былтыр да көтерілген. Бірақ жұрттан қолдау таппады. Мәселені ушықтырмас үшін Президент мұны тоқтата тұруды тапсырған.

Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов: «Тек қана кәсіпкерлерге қатысты болады. Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға еш салық салынбайды. Мұны біз Қаржы министрлігі ретінде  ресми түрде тағы да хабарлаймыз. Жеке кәсіпкер егер ақшаны аударым  арқылы алатын болса, өзінің салықтық режимі аясында ғана салық төлейтін болады. Одан артық ешқандай салық ұсталмайды», – деді.

Бұл талап тек 2023 жылға қарай Парламент арнайы заң шығарса орындалуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!