Михаил Ломтадзе Kaspi банкінің банкрот болуы туралы айтылған қауесетті жоққа шығарды. Сондай-ақ ол қолма-қол ақшалардың жетіспеушілігі және банктің Қайрат Сатыбалдымен байланысы туралы сыбыстарға түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Михаил Ломтадзенің айтуынша, банкроттық қауіп Kaspi-ге төніп тұрған жоқ.

“Мен Kaspi-ді 2007 жылдан бері басқарып келемін. Міне, 15 жылға жуық уақыт өтті. Біздің жетістіктеріміз бен жұмысымыз үшін әрқашан жауаптымын. Біз ел үшін көп нәрсе жасадық. Сондықтан клиенттер бізді жақсы көреді. Біз туралы жалған ақпарат таратып жүрген кейбір жаман ниеттілер жазаланады», – деді Ломтадзе.

Оның айтуынша, Kaspi халық арасында кеңінен танымал. Осыны көре алмайтындар бар. Сондықтан жалған ақпарат тарату үшін ақша төлейді, арандатушылық әрекеттерге де барады.

Банк басшысы доллар тапшылығын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, Ресейге қатысты санкциялар салдарынан қолма-қол доллар жетіспеушілігі бар. Бұрын ақшаны жылдам жеткізіп отыратын. Қазір Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты тасымалдау жұмыстары қиындап кеткен. Банк басшысының пікірінше, бұл – уақытша қиындық.

«Мысалы, біз Украина мен Ресейге ұшатын рейстердің қысқартылғанын көріп отырмыз. Ұлттық банк қазір қаражатты АҚШ-тан тікелей жеткізуді ұйымдастырып жатыр», – деді ол.

Kaspi басшысы клиенттер әзірге банктің Қайрат Сатыбалдымен байланысы туралы сұрақтар қоймағанын айтты. Бірақ ол бұл туралы жалған ақпарат таратушылардың болатынына сенімді. 

Ломтадзе Қайрат Сатыбалдының төрт жылдай уақыт Kaspi-мен байланысы болмағанын мәлімдеді. Ол 2015-тен 2018 жылға дейін акционерлердің бірі болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!