Елімізде несиеге қатысты қабылданған заңға сәйкес енді агенттікке тіркелмеген коллекторларға қарыз алушыға бөгде тұлғаның байланыс нөмірі арқылы хабарласуына тыйым салынды.

Жаңа түзетуге сәйкес агенттіктер борышкермен сөйлесу барысында бейне және аудио жазба жүргізуге міндеттеледі. Бұл өзгеріс қарыз алушының құқығын толығымен сақтап, коллектор тарапынан заңды бұзу мен дөрекі сөйлеудің алдын алады. Сондай-ақ құжат барысында несие тарихы нашар азаматтарға аса қажет болған жағдайда жаңа несие алуға мүмкіндік беру жағдайы қарастырылған. Бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, қазіргі кезде түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқартылады.

Заң бойынша банк пен шағын несиеде берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен несие бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, микроқаржы ұйымдарының несиелеріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторға өтінішін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!