Еліміздің Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» атты заң жобасын әзірлеп шықты. Осылайша Азаматтық кодекске «Азаматтың банкроттығы» деген жаңа бап пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Экспресс К.

Мәселенің басы Елімізде жылдың басында қайғылы «Қаңтар трагедиясы» болды. Осыдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты шұғыл жиын өткізді. Онда ол халықтың тұрмысын жақсарту шараларының бірі ретінде азаматтардың «банкроттығы» туралы заң әзірлеуді ұсынды. Мемлекеттік кірістер комитеті жарты айдан кейін жаңа заң жобасын әзірлеп, халық талқылауына шығарды. Осы тұста елдегі несие алған адамдардың жағдайы мен қарыздарына тоқталайық. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2018 жылы қазақстандықтар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 4,3 триллион теңге кредит алса, 2021 жылы несие көлемі 9,8 триллион теңгеге жеткен. Қазіргі кезде банктен несие алып, 90 күн бойы қайтарылмай (просрочка) жатқан ақшаның көлемі 422,0 миллиард теңге болған. Осы тұста жыл сайын Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының қызметіне 6 мыңға жуық өтініш пен шағым түседі. Адамдар алған кредиттерін қайта реттеп беруді және қарыздарына рақымшылық жасауды сұрайды. Мәселенің шешімі «Енді не істемек керек?» дегенге Үкімет адамдар қарыздарынан құтылып, жағдайын түзеп алу үшін банкроттық тетігін ұсынып жатыр. Заң жобасын жасаушылар бұл «бәрін 0 қылып, өмірді жаңадан бастауға» мүмкіндік беретін механизм дейді. Яғни өзін заң бойынша «банкротпын» деп атаған адамның өмірі онымен тоқтап қалмайды. Қайта несиелері жабылып, барлығын жаңадан бастауға жағдай жасалады. Адамның қарыз көлеміне байланысты банкроттық соттан тыс және сот арқылы деп екі түрге бөлінеді. Соттан тыс банкроттықты банкке немесе микрокредит ұйымына 5 миллион теңгеге дейін (нақты заң бойынша, 1600 АЕК — 4 900 800 теңге) қарызы бар және ешқандай мүлкі жоқ адам рәсімдей алады. Осыдан кейін оның аты-жөні 6 ай бойы барлық несие берушілерге мәлім болады. Осы уақыт аралығында адамның қаржы жағдайы жақсарып немесе оның атында үй сияқты мүлік пайда болса, онда ол банкроттық рәсімді тоқтатуы қажет. Егер адамның табысы расымен аз болып, мүлкі жоқ екені дәлелденсе, ол банкрот деп жарияланып, қарыздарынан құтылады. Дегенмен банкроттық адамды алимент төлеуден босатпайды. Банкроттықтың келесідей 2 салдары бар: 1) адам 5 жыл ішінде банк пен микронесие ұйымдарынан қарыз ала алмайды; 2) 3 жыл ішінде Қазақстаннан шыға алмайды. Шетелге тек өзін немесе жақын туысын емдету үшін бара алады, сондай-ақ жақын туысын жерлеуіне қатыса алады. Екінші рет мұндай рәсімді 7 жылдан кейін ғана пайдалануға болады. Енді сот арқылы банкрот болуға тоқталайық. Ол келесі жағдайда рәсімделеді: 1) адамның қарызы 5 миллион теңгеден артық (нақты заң бойынша — 1600 АЕК — 4 900 800 теңге) болса; 2) борышкердің барлық қарызы оған тиесілі мүлік құнынан артық болса; 3) борышкер банк пен микронесие мекемесінің қарызын қайтаруға талпынып, шаралар қолданса; 4) адам осыған дейін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкрот болу рәсімін соңғы 7 жылда пайдаланбаса. Осыдан кейін борышкердің жағдайын сот шешеді. Егер ол қарыз алушыны расымен банкрот деп тапса, онда ондай адам да 5 жыл кредит ала алмайтын әрі шетелге шықпайтын болады. Бұл әзірге заңның жобасы ғана, талқылау 23 ақпанға дейін жалғаспақ. Оған қатысты ой-пікір қосамын деушілерге сілтеме мында. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңалтуға бағытталған осындай шараға қатысты сарапшы мен тұрғындардың пікірін білген едік. «Бізде кәсіпорын мен бизнестің банкроттығы туралы заң бар. Енді жеке тұлғаларға да мүмкіндік берілгені дұрыс болды. Дегенмен бұл жерде адамның жауапкершілігі дегенді де тыс қалдырмау қажет сияқты. Мәселен ертең барлығын «банкрот» деп рәсімдете бермей, мәжбүрлі түрде жұмыс істету деген түрлі тетіктерді де ойластыру керек. Жалпы мұндай заңның пайда болғанын қолдаймын, бұл әлемдік тәжірибе бар дүние», — дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев. Ал кезінде кредит алып, қазір түрлі себептерге байланысты қарызын қайтара алмай жүрген елорда тұрғынының пікірі келесідей. Мен банкрот болуға келіспес едім. Себебі болашақта үй аламын деген ниет бар. Ал ол үшін ипотека керек. Сондықтан қазіргі қарыздарымды жабуға, кредиттен құтылуға тырысамын. Алайда үй-жайы бар, бірақ қиын жағдайға түскен адамдарға бұл да көмек сияқты, — дейді астаналық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!