Ұсақ несие бәрінен қауіпті.

Фото: sputniknews.kz

Кейде адамдар үсті-үстіне несие алып, ай сайынғы табысы кредиттерін төлеуге жетпей, қаржылық қиындыққа тап болады. Мәселен, тұрмыстық техниканы «рассрочкаға» рәсімдеу, ипотекаға пәтер сатып алу және тағы басқа, деп хабарлайды Sputnik.kz. 

Мұндайда ай сайынғы төлем кірістен асып кетпеу үшін мына қателіктерге жол бермеген абзал.

Ұсақ несие бәрінен қауіпті

Шағын несие алудың басты қауіптерінің бірі – олардың қолжетімділігі. Бір рет ұсақ несие алған адам тағы да кредит рәсімдеуге немесе «рассрочкаға» қызыға бастайды. Осыдан кейін ол үшінші, төртінші, бесінші, оныншы кредитті қалай алғанын байқамай да қалады. Себебі аз сомаға кредитке кірген адам қарызға белшесінен батып бара жатқанын бірден сезбейді. Ұсақ несиелер оған болмашы ақша болып көрінеді. Тек барлық кредит бойынша ай сайынғы төлем көбейіп кеткенін түсінгенде ғана, төлем мерзімін кешіктірмеу үшін табысын үнемдеуге көшеді.

Қарыз тұзағына түспеу үшін банктен алған әрбір шағын кредиттен кейін барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемнің жалпы сомасын қағазға жазып отыру керек. Кейін ай сайын қанша төлеу керектігін көзбен елестете отырып, қарыз алушы оған тағы бір несие қажет пе және оны өтеуге жұмсалатын шығын қаншаға өсетіні туралы ойлана бастайды», – деп кеңес берді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары.

Депозитке сену

Банкте депозиті бар қарыз алушылар көбіне өзінің қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс бағаламайды. Олар қымбат тауарды сатып аларда депозиттегі ақшасын жұмсамай, оны бөліп төлегенді құп көреді. «Егер ай сайынғы табысым қарызды төлеуге жетпей жатса, депозит арқылы жартылай өтеймін» деп ойлайды.

Бір қарағанда, олардың логикасы дұрыс көрінуі мүмкін, бірақ бұл жағдайда мұндай тәсіл қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Өйткені өмірде кез келген уақытта небір күтпеген оқиғалар, төтенше жағдайлар болып қалады. Осындай сәтте депозиттегі ақшаны шешуге тура келеді, ал кредиттердің төлемін өтеу ауыртпалығы ай сайынғы кірістерге түседі.

Кірісті көбейтіп көрсету

Қазір ірі банктер өз клиенттеріне күнделікті қажеттіліктері үшін ұсақ несиелер мен «рассрочка» беру рәсімін жеңілдетті. Аз сомаға кредит беру не бермеу үшін қарыз алушыдан оның жұбайының/зайыбының табысы туралы мәлімет сұрату практикасы әлі күнге дейін бар. Алайда кейбір клиенттер кредит алу үшін банкке жалған ақпарат ұсынады, яғни ай сайынғы табысын көбейтіп көрсетеді. Сөйтіп қарыз алады.
Мұндай жағдайдан шығудың оңай жолы – отбасылық кірістің шынайы мөлшерін жасырмау. Сол кезде банк болашақта сіздің несие төлеуде қиналатыныңызды ескеріп, кредит беруден бас тартады.

Жалақының тең жартысы сізде қалуы керек

Кірісінің жартысынан көбін кредиттерін өтеуге жұмсайтын әрбір адам аз ақшаны қатаң үнемдеп өмір сүру қиынға соғатынын түсінеді. Сол себепті қарыз алушы несие алардан бұрын жалақысының 50%-і өзінде қалуы керек екенін есте сақтауы қажет.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтар қарызға белшесінен батпау үшін тиісті өзгерістер әзірлеп, енгізді.

Біріншіден, қазір банктер қарыз алушының ай сайынғы төлемі кірісінің 50%-інен асып кетсе, жаңа кредит бермейді.

Екіншіден, банктер мен микроқаржы ұйымдары кредиттер туралы ақпаратты Бірыңғай кредиттік бюроға бір күн ішінде береді. Яғни кредиттік бюродан қарыз алушының бір банктен несие алғаны көрініп тұрады. Әлгі адамның борыш жүктемесі есептеледі. Банк базадан оның басқа банктен несие алғанын көріп, ай сайынғы табысы оны төлеуге жетпесе, кредитті мақұлдамайды. Бұрын кредиттік бюродағы ақпарат айына екі рет – 15 жұмыс күні ішінде жаңартылатын.

Бұл түзетулер банктерге адамның төлем қабілеттілігін бағалауға, кредит алуға берілген өтінімді қарау кезінде қарыз алушының борыш жүктемесі туралы өзекті ақпаратты көруге және оған жаңа несие беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Қарыз алушының өзі жаңа кредит алғанға дейін өзінің кредиттік тарихын сұрай алады және өзекті ақпарат негізінде тағы бір несиені төлей ала ма, жоқ па, соны бағалай алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!