Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында елімізде 18-20 жас аралығындағы 480 мың адамның тұтынушылық несиесі бар екендігін атап өтті. Оның ішінде проблемалық қарыз алушылардың саны 47 мың адамға жеткен. Мәселені шешу үшін заң аясында жастарға несие беруді шектеуге қатысты шара қабылдауға ұсыныс ортаға салынған болатын. Ендігіде қарызға батқан студенттер несие рәсімдей алмайды. Яғни тұрақты табыс көзі жоқ студенттер мен жұмыссыз жастар банк көмегінен үміттенбесе болады.

Әлеуметтік желіде қарызға несие алып беремін деген жарнамаға көптеген жанның алданып қалғаны туралы бейнероликтер тараған болатын. Досы, жақын адамы қиын жағдайға түсіп, төлеймін деген бір сөзіне сеніп, банкке берешек болғандар, бүгінде біреудің несиесін төлеумен-ақ әбігер. Көпшіліктің жастар несиесіне қатысты пікірі де нақты емес. Бірі төлей алса неге алмасқа десе, енді біреуі бұл бойға сіңіп бара жатқан жат қасиет деп біледі.

Мәселенің мәні мынада: жастардың несие алуға мүмкіндігі жоғары, себебі банктер бұл процессті оңтайландырып қойған. Жұмыссыз болса да, несиеге қол жеткізуге еш кедергі жоқ. Бизнес бастаймын деп те банкке берешек болып жатқандар аз емес. Алайда қарызға белшеден батуды доғаратын сәт қашан туады? Жалынды жастар еңбекке емес, неге шалқып өмір сүруге құмартып кетті? Сауалдарға жауап іздеп көрелік…

Бүгінде студенттер, жұмыссыз жастар қит етсе бөліп төлейтін несиеге, Kaspi Red-ке, микронесие мен займдарға машықтанып алған. «Қатарымнан қалмаймын, жұмыс істеймін, төлей аламын» деп су жаңа телефон, киім, басқа да қажетті дүниелерді несиеге алады. Нақтыланбаған жобамен кәсіп бастаймын деп ниеттенгендердің ендігі ай-май төлем уақыты кеп тұрады.

Жастар несие алу немесе алмау туралы шешімді тәуелсіз түрде қабылдайды. Алайда нақты себептерге аса мән бермейді. Қаражат өмірдің әр саласында қажет. Біреуі оқу ақысын төлесе, енді бірі бизнес ашты делік. Бірақ ең сорақысы Kaspi Red-ке тамақтанатындар. Сондай-ақ лудомания, азарт, бәс тігуге басымен кіріп кеткендерді айтпай кету айып. Себебі бұл әлемдік дертке айналды. Проблема жаһандық дәрежеде болғанымен, әлі күнге дейін тиімді шешімін таппағаны қынжылтады.

Жалпы «несие алу қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан» деген пікір бар. Расыменде, бұл сөздердің астарында шындық жатыр. Қалаған дүниеңізге ақша жинап, қарызсыз сатып алудың орнына асығыстық танытамыз. Алайда жылдап банк борышкерлерінің қатарынан шыға алмай, несиені жабумен әлек боламыз. Статистика мәліметтері бойынша, 80% қазақстандықтың өтелмеген несиесі бар. Мемлекет халыққа арнап амнистия жүргізсе де, кейіннен несиесі кешірілгендер тағы да қарызға белшесінен батып отырғаны туралы мәлім болды. Бұл мәселені түбегейлі діңгегімен жою үшін AMANAT партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алған. Бұл бастама арқылы ауылдық аймақта тұратын тұрғындар, мектеп оқушылары қаржылық сауаттылығын арттыра алады. Алайда бұл бағдарлама жүзеге асамын дегенше қарызға батып жатқандардың жағдайы не болмақ?

– Қазақ жастарында кредитомания бар. Халық несиемен ауырып жатқан сияқты. Олар бір несиені жабады және құмар ойынында оны қайтадан алады. Осылайша олар жапқан несиесінің орнына басқасын алады. Олар мұны ойын көретін секілді. Екіншіден, бізге несиелері бар жастар көп келеді. Олар бұл туралы ата-аналарына айтпауымызды өтінеді. Әйтпесе, анам мен әкем ауырып қалады деп мұңын шағады. Бірақ оларда орташа есеппен төрт онлайн несие бар. Олар әлі жас болғандықтан, біз әлі де ата-аналарды сұраққа мұқият қарауын өтінеміз. Яғни, біз қаржы сарапшылары ретінде жұмыс істемейміз, мәселелерді шешу үшін психология кабинетін аша аламыз, – дейді қаржы сарапшысы Мақпал Шеңгелбаева.

Жас азаматтар үшін несие алу өте жеңіл процесс. Өзіңізге, ата-анаңызға, жақындарыңызға, өтініш айтқан досыңызға өз атыңыздан несие рәсімдей аласыз. Алайда досыма деп қарыз алғандар түбі сан соғып қалып жатады. Несие алу 15 минуттық шаруаға айналғалы келісімшартты оқу, күтілетін нәтиже, жоғары жарна ешкімді қызықтырып та жатпайды. Сіз Қазақстандағы орташа жарна жаға ұстатарлық дәрежеде, яғни 20,50%-ды құрайды. Демек қарызға ақша алғаныңызбен, сол қарызды өтеуіңіз қиындық тудырады.

Қызылордалық жас кәсіпкерлер бизнес бастау үшін несие алу ұтымсыз деген ой білдірді. «Бизнестің дамып кетуі немесе құлдырауы сенім тудырмайтын күдікті дүние. Үлкен бизнес болған жағдайда ғана болмаса, ертеңінен үміт күттірмейтін жоба үшін борышкер атанудың еш қажеті жоқ» дейді олар. Нақты несие аламын деген шешімге келмес бұрын шығындарды, салықтың санын, проценттік жарна туралы толыққанды біліп алу керек. Финанстық мүмкіндіктерді қарастырып, жақсы жоспар құру қажеттігін қаперде ұстаған абзал.

– Бизнес бастау үшін несие алып көрмедім. Бұл шешіміме қуанбасам, еш өкініш білдірмеймін. Студент болсамда кәсібім дөңгелеп тұр. Қарыз алуға ниеттеніп жүрген жастар болса, мен оларға несие алмауға кеңес берер едім. Басында қиналарсыз, бірақ бұл қарызға белшеден батқаннан жақсы. Алдын ала жоспарды дұрыс құрып, өз шешіміңізге сенімді болған кезде іске кірісу керек. 1-2 жыл ақша жинаған соң, бизнес жоспарыңызды жүзеге асырсаңыз ұтымдырақ болады, – дейді жас кәсіпкер, студент Дилшат Ибрагимов. Қоғамдық сананы жеңіл-желпі кіріс көзінен тазалауға бірдей атсалысуымыз қажет. Тұрмыстың тұрпаты қажытқанымен, тұспалдан туған түйткілдерге шешім міндетті түрде табылады. Алайда банк қосымшаларын торуылдап, проблемадан проблема шығармауға тырысқанымыз жөн. Біреуден қарыз сұрау әдетке айналып кететін ұсқынсыз қасиет. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмекке дағдыланған жастардың көбеюі елдігімізге нұқсан келтіретіні хақ. Бәсекелестік дұрыс бағытта және қоршаған ортаға пайдасын тигізу керектігін қаперде ұстайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!