Қазіргі таңда көпшілік қалағанын іздеп қапылып, базар аралап сабылып жүрмейді. Тіпті күннің аптап ыстығында қара терге түсіп, қыстың ызғарлы аязында дірдектеп жүріп дорба асынып, қалта-қалта зат көтеріп жүруге ешкім құлықты емес. Өйткені таңдауына сай тапсырыс беріп, интернет дүкеннің игілігін көріп отырғандар көп. Тағамды да үйіңе дейін жылдам жеткізу қызметі кең таралуда. Мұндайда қаланың қарбалас тіршілігіне бейімделген курьерлердің күрт көбейгеніне көз жеткізуге болады. Жұрт жәй ғана «жеткізіп беруші» санайтын санат ендігі мамандыққа айналған тәрізді. Өйткені бірі қосымша табыс көзі есебінде қараса, бірі тұрақты жұмысы етіп, жайлы жағдайын реттеп алатын көрінеді. Күнделікті табыс ай соңына жеткенде қомақты қаржы болады. Демек әлдекім елеп-ескермейтін қызметтің жалақысы жоғары. Шамалап айтқанның өзінде аңтарылып, сеніп-сенбеуіңіз де мүмкін. Айтпақшы «жеткізіп берушінің» жұмысы жеңіл де емес. Сол себепті оған көлікпен зуылдап келіп, тапсырысын табыстай салатын қызмет деп қарамау керек. Қысқасы тұтынушының оң бағасын алып, күніне бірнеше тапсырысты орындауға бекінгендер уақыты жолда өтеді.
Салмағы бар сөмке асынып, жолда жүйткіп жүретіндер межесіне мезетінде жетуді көздейді. Әйтпесе тұтынушы «кешіктің» деп кемшін тұсын тауып, қиқар мінез көрсетсе жұмыс көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етеді. Кейін даурығып, дау қуып жүргенде біржола бас тартуға тура келеді. Оның үстіне алатын табыс сағатына орындаған тапсырысқа байланысты. Жылдамдық танытпаса күткен қаржыдан құр қалады. Ақпарат көздеріне сүйенсек, 2021 жылы аймақтар бойынша орташа жалақы: Алматы – 350 мың теңге, Астана, Шымкент қалалары – 300 мың теңге, Ақтау мен Қарағанды 200 мың теңгені құрайды. Әсіресе тәжді вирустан сыртқа бір адам аттауға болмайтынын аңғарған жұрт тұрмыстық жабдық, керек-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлікке дейін курьермен алдырған. Осы кезеңде табыс тіпті еселене түскен екен. Ал бүгінгі күні «Яндекс» жүйесінде курьерге айына 820 мың теңгеге дейін табыс табуға болады. Күніне 10-20 мың аралығында есепшотқа ақша түседі. Тек ұялы телефон мен арнайы көлік түрі қажет. Яғни жұмысқа орналасудың өзіне қыруар қаржы жұмсамай, тіркеліп, өтінім беріп, бірден іске кіріседі.
– Студентпін, сондықтан қыркүйек айына дейін курьер болуды жөн көрдім. Қазір Алматы қаласындамын. Негізі өткен жылы осында екі ай көлемінде электросамокатты жалға алып, жұмыс істегенмін. Жақсы табыс тауып, керек-жарағымды өзім түгендедім. Осы жолы мопед сатып алдым. Тапсырысты бұрынғыдан да жылдам жеткізіп, бір жүйеге түстім. Меніңше, курьер болу өте тиімді. Мәселен жұмысқа қашан шығатының өз еркіңде. «Жалақыдан ұстап қалды, бұл айда неге аз түсті?» деп алаңдамайсың. Өйткені еңбегіне қарай ақы аласың. Үздіксіз тапсырыс орындасаң, табысың да арта түседі. Даяшының өзі қара кешке дейін жүріп 5 мыңға толар-толмас ақша алады ғой. Оның жаныңда мұнда еңбек бағаланатын секілді, – деді Рамазан есімді жігіт.
Иә, «алма піс, аузыма түс» деп қолқусырып жатқанда, іс өнімді болмайды. Еріншектің ертеңі бітпейтінін бәрі біледі. Сондықтан нанын адал еңбекпен тауып, күнін босқа өткізбейтін жастардың көптігі көңіл қуантады. Әсіресе, талпынғанға екі қолға бір күрек табылады. Ізденгенге жұмыс көп. Қызығы, курьер болумен жастар ғана емес, ересектер де айналысуда. Еңбек демалысындағы немесе зейнетке ерте шыққан ер адамдар қосымша табыс табу мақсатында тапсырыс орындауға көшкен.
«Курьер» сөзі француз тілінен аударғанда «жүгіру» және «тез қозғалу» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ бұл ұғымның ежелден қалыптасқаны жиі айтылады. Курьердің уақыты көбіне жолда өтіп, қозғалысы жылдамдықтан, қызметі «жеткізіп беруден» тұрғандықтан болар мұрнын шүйіре қарайтындар бар екен. Тіпті тұтынушы тіксініп сөйлеп, жалдап алған жұмысшысы сынды жұмсауға әуес көрінеді. Тапсырысын жеткізбей жатып, жол ортада тағы қосып тізім жазып беретінін қайтерсің? Қысқасы курьер екі ортада «барып кел, шауып кел» болатын адам емес. Сондықтан қызметке құрметпен қарап, теріс түсінік қалыптастырудан аулақ болған жөн. Себебі курьер білімі төмен, сауаты жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар деген сөз емес. Бір басында екі диплом, жоғары білімі бар ересек те аталған қызметте еңбек етіп жүр.
Түйіндей келе, табан астынан қажеттіні іздеп шарқ ұрғанда, уақыт тығыз болғанда көмекке келетіні – курьер. Бүгінгі күні ауадай қажет қызмет түрі. Жеделдік пен жылдамдықты серік еткендіктен де қызметіне күмән келтіру мүмкін емес.
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!