Аikyn.kz. Сарапшылар мұның оң және теріс жақтары барын айтады. Сонымен бірге президенттік тапсырманы орындаудың тетігі, жай-жапсары да әзірге жарияланған жоқ. Мысалы, сарапшылардың мәліметі бойынша дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға көлік лизингке берілмейді екен. Бұл үшін нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту талап етілуі мүмкін.
Автоөнеркәсіп үшін игі қадам
Мемлекет бұл қадамға жеңіл автомобильдерді шетелден шашылған күйде әкеліп, елде құрастыратын кәсіпорындарды қосымша қолдау үшін барып отырғаны мәлім. Мемлекеттің тиісті шешімін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашу рәсімі барысында жария етті. Оның тұжырымдауынша, бұл еліміздегі машина жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам.
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігі өндірісінің де тұсауын кескен. Бұл жолы онда KIA Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы кәсіпорын мысалында отандық көлік құрастыру саласын қолдаудың маңызына тоқталды. KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданыпты, енді ашылып отыр. Қостанайдың индустриялық аймағындағы зауыт жылына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге. 1500 жұмыс орны ашылған. Оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады деп күтіледі.
– Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың есебінше, автозауыттағы әрбір жұмыс орны логистика, сервис, инфрақұрылым салаларында жанама түрде 5-6 адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл – жай ғана өндіріс желісінің кеңеюі емес, толық өнеркәсіп кластерін қалыптастыру үшін жасалған зор қадам. Мұндай жүйеде шағын және орта бизнес тұрақты дамуға мүмкіндік алады. Өндірісті ұйымдастырудың осындай кешенді тәсілі Қостанай облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді, – деді Қ.Тоқаев.
Ол жаңа кәсіпорынның жұмысы отандық автопарктің жаңаруына септігін тигізетініне, сондай-ақ қалалар мен күрежолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер ететініне сендірді. Президент машина жасау саласына әрі қарай баса мән беретінін мәлімдеді. Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылғыдан 2,5 есе көп. Осы үрдіс биыл жалғасқан. Жыл басынан салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. 2024 жылы елде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай, Сораң (Саран) қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сектор 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып келеді.
Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты іс-шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданғанын жеткізді.
– Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын, – деді Президент.
Лизингтің арғы жағы, бергі жағы…
Мемлекет басшысы мәлімдеген лизингке бюджеттен қанша ақша шығындалатыны да әзірге беймәлім. «Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», – деп қысқаша түсініктеме берді Үкімет.
Жалпы, лизинг деген не? «Техникалық лизинг – автомобильді, арнайы техниканы, ауыл шаруашылығы техникасын және басқасын кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу деген сөз. Клиент лизингтік шарттың қолданысы аяқталғанша машинаны пайдаланады және ай сайын аударым жасайды. Төлем енгізген сайын авто құны үнемі төмендеп отырады. Келісім мерзімі аяқталған соң қалған соманы төлеп, автокөлікті толық сатып алуға немесе алудан бас тартуға болады. Схема былайша жұмыс істейді: лизингтік компания немесе банк өз клиентін қызықтыратын машинаны сатып алып, содан кейін оны кәсіпкерге жалға ұсынады», – деп түсіндірді «Центр Кредит банкі» мамандары.
Банк автокредит пен лизингтің келесі қолайлы және қолайсыз тұстарына назар аудартты. Біріншіден, егер сіз кредитке ресімдесеңіз, бірден автомобильдің иесіне айналасыз. Ал бағдарлама лизингтік болса, көлік толық сатып алынғанға дейін лизингтік компанияның меншігі саналады. Екіншіден, амортизация кредит құнына еш әсер етпейді. Кейіннен сатып алу құқығымен жалдауда амортизация коэффициенті пайдаланылады. Үшіншіден, әдетте автокредитте пайыздық мөлшерлеме қатаң бекітіледі. Лизингтік шарттарда машина құнын ғана емес, банктің не лизингтік компанияның оны сатып алуға жұмсаған шығындарын, комиссиясын және басқасын сіз төлейсіз.

Төртіншіден, автокредитті ресімдеу кезінде кепілгер-гарант немесе кепілзат талап етіледі. Мұндай тәжірибе лизингте жоқ, себебі автокөлік онсыз да лизингтік компанияның меншігі. Бесіншіден, кредитте мерзімінен бұрын өтеу (досрочное погашение) бар, лизингте жоқ. Алтыншыдан, банк мамандарының мәліметі бойынша автокредит алғанда, бастапқы жарна талап етпеуі мүмкін. Ал лизингте бастапқы жарна – міндетті шарт. Ол автомобиль құнының 10%-ынан жоғары.
Елордалық автосалон менеджері Үміт Құралбай жеке тұлғаларға көлікті лизингке алғаннан гөрі несиеге ресімдеген әлдеқайда тиімді екенін әңгімеледі: «Дара кәсіпкер мәртебесі жоқ жеке тұлғаларға әзірге автокөлік құралы лизингке берілмейді. Мүмкін, Президенттің өзі міндет қойса, жағдай өзгеретін болар. Қазіргі кезде тіпті қолында көліктің толық сомасы бар клиенттің өзі машинаны несиеге ресімдейді. Шамалыдан соң бүкіл құнын төлеп, кредитін жауып тастайды. Неге? Мәселен, кредитке берілетін автомобильге кейде салмақты жеңілдік қарастырылады. Сондай-ақ автокредит алғаны үшін кейбір банк тұтынушысына тегін сақтандыру, комфорт-премиум комплектацияны, түрлі аксессуарларды сыйға тартуы ықтимал», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, лизингтегі автокөліктің құжаттары иесінің қолына берілмейді. Бұл біраз жағдайда қиындық әкеледі. Әйткенмен, оның басты бір артықшылығы – амортизация нәтижесінде ай сайынғы төлемі жыл сайын азаюы мүмкін. Бұл оны бұқараға қолжетімді етер еді.
– Лизинг пен кредиттің оң жақтары да, теріс жақтары да бар. Екеуінің біреуін таңдамас бұрын мақсатыңызды айқындап алыңыз. Егер автомобильді уақытша пайдаланғыңыз және жиі ауыстырғыңыз келсе, онда лизинг қолайлы. Егер машинаға ұзақ уақыт иелік етуді және толық меншігіңізде болуын қаласаңыз, кредит дұрысырақ. Екі нұсқаның бірін таңдамас бұрын маманға екеуінің де толық құнын есептеткізіп, салыстырып көріңіз. Әдетте жеке тұлғалар үшін көлікті лизингке алу өзін-өзі ақтамайды, босқа қосымша шығын шегуі мүмкін, – деді Ү.Құралбай.
Өйткені лизинг берушілер көбіне, автокөліктің ай сайынғы төлеміне сақтандыру шығыстарын, мемлекетке төлейтін алым-салықтарын, қызмет көрсету шығындарын және басқасының бәрін қосады. Бұған қоса, көлік лизинг кезінде апатқа түспеуі үшін жылдамдықты шектеуі мүмкін. Ал егер кредитке алсаңыз, бұл енді сіздің көлігіңіз: трассадағы жылдамдық шектеуі аясында қалай құйғытамын десеңіз де өзіңіз білесіз.
Сарапшының пікірінше, лизинг негізінен бизнес үшін қолайлы: кәсіпкер-компаниялар осы арқылы салықтарын азайтады, салықтық шегерімді қолданады. Қолданыстағы заңнамада жеке тұлғалардың лизингі үшін салықтық жеңілдік қарастырылмаған.
Көшедегі көлік саны күрт өспек
Сонымен мамандар лизинг пен кредиттің келесі оң және теріс жақтарын атады. Автокредиттің «плюсы»: біріншіден, сіз бірден автокөліктің толыққанды меншік иесіне айналасыз. Бұл құқықтан тек несиеңізді өтемесеңіз айырыласыз. Екіншіден, бастапқы жарна талап етілмеуі мүмкін. Үшіншіден, машинаны қалай пайдаланамын, қалай және қайда жүргіземін десеңіз де шектеу жоқ. Төртіншіден, Қазақстанда мемлекет немесе автоөндірушілер тарапынан дүркін-дүркін үлкен жеңілдікпен, арзан автокредит беріледі. Бесіншіден, нарықта автокредит бойынша ұсыныстардың алуан түрі бар. Мұнда бәсекелестік жоғары болғандықтан, ең тиімдісін таңдай аласыз.
Кредиттің «минусы» ретінде, біріншіден, көлігіңізге қызмет көрсету үшін өз қалтаңыздан қосымша шығын шығаратыныңыз (лизингте лизинг беруші қызмет көрсетеді), екіншіден, несиені ай сайын уақытылы төлеп тұру міндетті екені (онсыз айыппұл салынады), үшіншіден, көліктің салықтары мен сақтандыруын өз бетіңізше төлеуге тура келетіні аталды.
Лизингтің оң жақтарына, біріншіден, амортизация және көліктің ескіруі ай сайынғы төлемді азайтатыны, екіншіден, ресімдеу процедурасының жеңілдігі, құжаттардың шағын ғана топтамасы қажет етілетіні жатқызылды. Үшіншіден, көліктің салықтары мен сақтандыруын жеке төлемейсіз (ол онсыз да ай сайынғы төлемге қосылған). Төртіншіден, төлем енгізу кестесі икемді болуы, төлемі сәл кешіктірілсе айыппұл салынбауы ықтимал (егер келісімшартта солай көрсетілсе). Бесіншіден, автомобильді сатпай-ақ жиі ауыстыруға мүмкіндік береді.
Лизингтің теріс жақтары жетерлік. Біріншіден, толық ақысын төлеп болғанша, яғни жылдар бойы сіз автокөліктің түпкілікті қожайыны болмайсыз, барлық құжат лизинг берушінің сейфінде сақталады. Екіншіден, түбегейлі сатып алғанға дейін көлігін қиратып, бүлдіріп тастамауы үшін компания қаптаған шектеу қоюы мүмкін. Оларды орындамасаңыз, шарт біржақты бұзылады және бұған дейін жылдар бойы енгізген ақыңыз қайтарылмайды. Үшіншіден, лизинг беруші ай сайын төлеттіретін төлеміне жасырын төлемдер мен комиссиясын қоса салады. Салдарынан, ақыр соңында бір автокөлік орнына екеуінің, тіпті үшеуінің құнын өндіртіп алса, таңғалмаңыз.

Экономист Бауыржан Ысқақов жеке тұлғаларға арналған лизингтік бағдарламалар қазірден іске қосылып жатқанын жеткізді. Ол қатардағы автокредитке қарағанда, қаржылық лизингте ай сайынғы төлемдер әлдеқайда төмен болатынына сенімді.
– Неге олай? Автокредитте ай сайынғы төлемдер автомобильдің толық құны негізінде есептеледі. Өйткені сіз оны жаңа көлік ретінде толыққанды сатып аласыз. Ал лизингте оның амортизациясы ескеріледі. Тиісінше, көлік ескірген сайын ай сайынғы төлем 15-30%-ға азаюы мүмкін. Бірақ бір гәп бар: лизинг беруші қосымша комиссияларын, келісімшартта көрсетілген өзге де талаптарын қосатындықтан, әу бастан автомобильдің жалпы құны ең кемі 5-10% қымбат болады, – деді Б.Ысқақов.
Оның айтуынша, ай сайынғы қаржылық жүктемесінің аздау болуы нәтижесінде лизинг классикалық кредиттеуге қарағанда, қазақстандықтарға мейлінше жоғары сыныптағы автокөліктерді сатып алуға мүмкіндік береді.
– Мемлекет жеңілдікті автокредиттеу бағдарламаларын субсидиялауды жалғастырды. Соған қосымша лизинг тетігін дамытады. Жеңілдікті автонесиелендіру мен лизинг қосыла келе, отандық көліктерге деген сұранысты күрт арттырады. Осы арқылы мемлекет отандық автоөнеркәсіпті тікелей қолдауды күшейтті. Бұл елде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің ұлғаюына және экономиканың өсуіне септеседі. Лизинг бағдарламасын қазақстандық өндірушілер үйлестіреді. Бұдан тиімділік болады деген ойдамын, – деді сарапшы.
Сонымен бірге Бауыржан Ысқақов бұл екі нұсқаның бірін таңдауға байыппен келу керегін ескертті: мысалы, қолданыстағы лизинг бағдарламалары өз жарнамасында «нөлдік пайыздық мөлшерлемемен» қызықтырып жатыр.
– Бұған құлай сенуге болмайды, сақтық танытқан жөн. Пайызсыз лизинг болмайды, бұл жай ғана маркетингтік айла. Шынайы қаржылық жүктемені олар қосымша комиссияларға, міндетті әрі қымбаттау автосақтандыруға жасырады немесе лизингке алуға болатын автомобиль модельдеріне шектеу қояды, – деді экономист.
Мысалы, сіз лизингке арзандау седанды алғыңыз келді делік. Алайда автоөндірушілер ол модельдерін онсыз да өткізеді. Сондықтан лизинг арқылы клиенттерге бағасы жоғары универсал, хэтчбек, кроссоверлерді, жол талғамайтын көліктерді, тіпті премиум, люкс сыныптағы (F-класс) флагмандық автомобильдерін тықпалауы мүмкін. Мұндай жағдайда халық көлікке жоспарлағаннан әлдеқайда көбірек шығындалуға мәжбүрленеді.
«Астана Бас жоспары» ҒЗИ-дің Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Бақтияр Бекенов журналистерге сұхбатында қазақстандықтарды жеке көлікті сатып алуға ынталандырмаған жөн екенін ескертті. Маманның ұстанымынша, керісінше, халықты қоғамдық көлікті пайдалануға көшуге иліктірген маңызды. Тұрғындарының 80%-ға дейінгісі автобус, такси, трамвай, метро секілді қоғамдық көлікті пайдаланатын Лондон, Париж, Ыстанбұл іспеттес ірі мегаполистердің ізгі тәжірибесі осыны көрсетті. Ал Астанада Министрліктер үйінен «Хан Шатырға» жету үшін кешкі кептелісте бір сағатқа жуық уақыт кетеді.
– Көлік тығындарымен күрес тек қоғамдық көлікті дамыту арқылы жүргізілсе табысты болады! Көшені қанша кеңейтсең де кептеліс мәселесін шешуге көмегі шамалы. Мұның сыртында бүгінде мемлекет жеңілдікті автокредиттеу бағдарламалары арқылы халықтың жеке көлік алуын ынталандыру үстінде. Оған лизинг қосылса, жолдағы жеке автомобиль легі тоқтаусыз артады. Мемлекет қоғамдық көлікті дамытуға екпін түсіргені абзал, – деді урбанист.
Қазіргі кезде Алматы көшелеріне күн сайын 800 мыңнан астам көлік шығады. Астананың өзінде 500 мыңға жуық жеке автомобиль тіркелген. Шымкент жолдарында 270 мыңнан аса машина жүйткіп жүр. Қала салу мамандары мен экологтар лизингтің жеке көлікті қолжетімді етуі қордаланған проблемаларды тіпті ушықтырып жібереді деп қауіптенеді. Олай болса, лизинг бағдарламасына бюджет қаржысын шашпас бұрын Үкімет оның халыққа және мемлекетке қаншалықты керектігін тағы бір пысықтап алса, артық болмас еді. Әйтпесе, әлемжелідегі пікірлер әкетіп бара жатқан қажеттілігі болмаса да, автобусты пайдаланудан арланғандықтан ғана автомобиль сатып алғандардың барын паш етті.
Елдос СЕНБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
			