Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың мобильді аударымдарға қатысты көкейтесті сұрақтарына жауап берді және бұл ақыры немен аяқталады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мобилді аударымдарды тексеру не үшін қажет?

Мобилді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобилді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.

Айта кету керек, мемлекет барлық мобилді аудармаларды тексермейді.

Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобилді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.

Туыстар мен достарға ақша аударуға бола ма?

Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобилді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ.

Кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. бұл қаншалықты заңды?

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап).

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!