Зейнетақы және нысаналы жинақтар БЖЗҚ-да шоты ашылған жеке тұлғаның меншігі. Тиісінше, бұл жинақтар мұраға беріледі. БЖЗҚ оны қалай алуға болатынын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

БЖЗҚ мәліметінше, БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылуы мүмкін. Оның мөлшері 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш шегінде, бірақ қайтыс болған адамның шотындағы қаражаттан аспауы керек.

«Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем іске асырылғаннан кейін қайтыс болған адамның шотындағы жинақтардың қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлеммен бірге беріледі», – делінген хабарламада.

Жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған жинақ сомасы заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.

«ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұраға қалдырылған зейнетақы және (немесе) нысаналы жинақтарды алу үшін мұра ашылған жер бойынша нотариусқа немесе заңмен уәкілеттік берілген лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы өтініш беруге тиіс. Мұны мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн».

Мұрагер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алғаннан кейін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне қажетті құжаттар пакетін ұсынуға құқылы. Жеке өтініштен басқа, мұрагерлік төлемдерді алуға арналған құжаттарды сенім білдірілген тұлға арқылы немесе пошта арқылы беруге болады.

«Егер БЖЗҚ-ға ұсынылған құжаттар, оның ішінде БЖЗҚ-да жинағы бар және ҚР тыс жерде қайтыс болған адамның қайтыс болғандығы туралы куәлікті, мұрагерлік құқығы туралы куәлікті шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген, сондай-ақ құжаттың көшірмесінің түпнұсқасымен сәйкесетінін, өтініштегі төлем алушының қойған қолының шынайы екендігін куәландыру бойынша нотариаттық іс-әрекеттер, сенімхат куәліктері шет мемлекетте жасалса, онда бұл құжаттар мемлекеттік не орыс тіліне аударылып, заңдастырылуы тиіс. Бұған Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайлар жатпайды».

Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемді алушы немесе БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамның мұрагері шетелдік, оның ішінде мұрагердің сенім білдірілген адамы/алушының заңды өкілі болатын болса, онда Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, БЖЗҚ-ға алушының/сенім білдірілген адамның/заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжат ретінде мемлекеттік не орыс тіліне аударылған, қажет болған жағдайда нотариат куәландырған және заңдастырған шетелдік паспорт ұсынылады.

«Қажетті құжаттар топтамасын ұсынғаннан кейін БЖЗҚ заңнамада белгіленген мерзімде зейнетақы жинағы төлемдерін жүзеге асырады».

БЖЗҚ мәліметінше, қайтыс болуына байланысты (жерлеуге немесе мұрагерлерге) төлем тағайындау туралы өтініштерді ресімдеуге қажетті құжаттар тізбесімен Қордың веб-сайтында танысуға болады. Сондай-ақ, мұрагерлердің жинақ алу үшін құжаттарды тапсыру рәсімі БЖЗҚ youtube арнасында да жарияланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!