Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова несиесі бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беру тәртібіне қатысты бастаманы түсіндірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарылған. Онда несие алған отбасыларға АӘК төлеу шарттары қайта қарастырылуы мүмкін екені айтылған.
Министр жобаның негізгі мәнін түсіндірді. Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек қарызды жабу үшін арналмаған. Сондықтан есептеу кезінде отбасының несиеге жұмсайтын шығыны ескерілмек.
«Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы 3 миллион теңге несие рәсімдеді делік. Ай сайынғы төлем әрқайсына 300 мың теңгеден келеді. Бұл табыс кедейлік шегінен жоғары болғандықтан, оларға АӘК тағайындалмайды. Ал егер несие көлемі шағын болса, мысалы 300 мың теңге болса, керісінше табыс кедейлік шегінен төмен екенін көрсетеді. Бұл жағдайда АӘК беріледі», – деді министр.
Оның сөзінше, бұл өзгерістер ипотекаға қатысты емес.
Светлана Жақыпованың айтуынша, құжат әзірге күшіне енбеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!