«Кредит кешіріледі» деген ақпарат елді елең еткізді. Бұл – халықтың басты мәселесі. Себебі несиесін төлей алмай жүрген адам саны көп. Банктен несие алғанда келісім-шартқа үңіліп қарамай, «ақша алсам болды» деген түсінікпен қол қоя салатындар бары жасырын емес. Бірақ артынан аспандап тұрған пайызға «әттең-ай» дейді. Ол кезде бәрі тым кеш…
«Қазір азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Бүгін алған айлықтың ай соныңа жетпейтіні белгілі. Несие төлеу керек, бала-шағаның киім-кешегі, тамағы бар. Содан несиені төлей алмайтын сәттер басталады. Ақыры несиемнің төленбегеніне біршама уақыт болды. Қазір баламен үйде отырмын. Оны ойлайтын уақытым жоқ. Бастысы азық-түлігіме ақшам жетсе, соған да шүкір деймін», – дейді Аяжан есімді тегін жария етпеуді өтінген келіншек.
Бұл – біз білетін бір ғана оқиға. Біразының ойында «кредит кешірілсе» деген арман бар. Несиені кешіру туралы заң қаралып жатыр. Алайда әлі де нақты шешім шыққан жоқ. Ақпанның 23-іне заң мақұлданса, көптің тілегі қабыл болғалы тұр. Десе де оның арнайы талаптары бар. Мәселен, мұндай қадамға барсаңыз, бес жыл мемлекеттік мекемелерде қызмет ете алмайсыз, яғни банкрот деп таныласыз.
– Мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу мен үшін маңызды емес. Отбасымды қара жұмыспен-ақ асырап келемін. Бір досымның айтқанына сеніп, уәдесінде тұрады ғой деген үмітпен несие алып бергенмін. Ол төлемей қойды. Сөйтіп бұл несие толық менің жауапкершілігімде қалды. Бастапқыда жап-жақсы қызметім, табысым болды. Қысқарту болған соң жұмыстан шеттетілдім. Зардабы отбасымызға тиді. Бастапқыда жеңіл-желпі жұмыс істей бастадым. Содан несиені төлеуге қаржы жетіспеді. Жиналып-жиналып, пайызы үстемдеп кетті. Содан не керек, сол күйі қалды. «Кредит кешіріледі» деген ақпаратты көзім шалды. Десе де мен өзімнің банкрот болғанымды, үкіметтегі халықтың ақшасына өзімнің несиемді жапқанымды қаламас едім. Біреуден тапқан қателегім үшін халықтан жиналған қаржыны жұмсауды құптамаймын. Оның үстіне несиені әркім өз керегіне жаратады, тіпті құмар ойынға кіргендер де несиесін несиемен жауып жүр. Егер белгілі бір санаттағылар мәселен көпбалалы ана, жалғызбасты ана, мүмкіндігі шектеулі жандар болса түсінер едім. Ал тепсе темір үзетін жігіттердің дәмесін түсіне алмаймын, – дейді қала тұрғыны Мейрамбек Алтаев.
Түсінікті болу үшін тарқатсақ. Қарыз көлемі 5 миллионнан асатын борышкерлер банкроттықты сот арқылы жариялайды. Мүлік болса, сауда-саттық арқылы сатылып, кредитті жабуға жіберіледі. Қалған қарызы кешіріледі. Ал жалғыз баспанасын кепілдікке қоймаған болса, кредитор оны алып қоя алмайды.
– «Банкрот» деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Атап айтқанда, заң жобасында бес жыл бойы кредит пен займ алуға тыйым салынып отыр. Бұдан бөлек, үш жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат жоқ. Шетелге тек емделуге, жақын туысын алып баруға және жақын туысын жерлеуге шығуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс істеу үшін де рұқсат берілу мүмкін. Оны әлі де талқылау қажет», – деді ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.
Бүгінде халық алған несие бағасы шарықтап барады. Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылы қазақстандықтар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 4,3 триллион теңге кредит алса, өткен жылы несие көлемі 9,8 триллион теңгеге жеткен. Қазір банктен несие алып, 90 күн бойы кешіктірілген және қайтарылмаған қаржы көлемі 422,0 миллиард теңге болған. Осы тұста жыл сайын Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының қызметіне 6 мыңға жуық өтініш пен шағым түседі екен. Олар кредитін қайта есептейді, сондай-ақ рақымшылық жасау туралы арыз жазады.
– Қазақстанда азаматтардың банкроттылығы рәсімінің 3 түрі енгізіледі.Егер тұрақты табыс және қарызды жабуға мүмкіндік болмаса, банкрот жариялау шарасын қолдану ұсынылып отыр. Оның екі түрі болады. Біріншісі – сотсыз банкроттық, екінші – сот арқылы банкроттық жариялау. Сотсыз банкроттыққа жүгіне алатын адамдардың нақты санаттары анықталды. Олар – қарызды төлеу мерзімі бес жылдан асып кеткендер,100 АЕК-тен (306 300 теңгеден) аспайтын берешекті бір жыл төлемей жүргендер, 1 600 АЕК-тен (4 900 800 теңгеден) аспайтын қарызды алты ай төлемегендер.Сотсыз банкроттықты жариялау туралы өтініш электронды үкімет порталы арқылы жіберіледі. Бұдан бөлек, «Е-салық азамат» мобильді қосымшасы арқылы жіберуге мүмкіндік болады.Құжат қабылданғаннан кейін мүліктің бар-жоғы, қарызды төлеу мерзімінің үш санаттың біреуіне сәйкес келуі және тағы басқа мәліметтер тексеріледі, – деді М.Сұлтанғазиев.
Ақпанның 23-іне дейін уақыт бар. Сол уақыт аралығында борышкер банк алдындағы қарызын өтейтіндей мүмкіндігі жоқ екенін білсе, қос тарап банкроттық рәсіміне кірісуі тиіс. Банкроттықты екі жолмен тануға болады. Қарыз алушының өзі төлеуге мүмкіндік жоқ деп соттан тыс та және сотқа да өтініш жасай алады. Соттан тыс банкроттықты, банктер мен шағын несие ұйымдарына бес жылдан астам берешегі бар азаматтар, бір жыл ішінде 300 мың теңгеден аспайтын қарызын өтей алмағандар, сондай-ақ жарты жылда бес миллион теңгеге дейінгі өтелмеген қарызы барлар рәсімдей алады. Ал 5 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкерлердің ісін сот қарайды. Бұл рәсім кезінде банкрот болған адамның мүлкі аукционда сатылады. Қомақты төлемнен босатылатын азаматтың тұрғын үйі кепілдік ретінде қарастырылмаса, онда оған ешкімнің қол сұғуға құқы жоқ. Банкрот болған жеке тұлғаға мемлекет біраз шектеу әзірлеп қойған. Жоғарыда айтқанымыздай, бес жыл ішінде несие ала алмайды, үш жыл ішінде шетелге шығарылмайды.
P.S. Заң қабылданып, шешімдермен келісіп жатсаңыз, несиемді кешірді дей беріңіз. Дегенмен несием жоқ деп қарыз алып, оны банктен қайтара алатын несиеммен жабамын деген ойдан аулақ болыңыз. Банкрот танылсаңыз, болашаққа деген жоспарыңыз жүйелі болуы тиіс. Себебі бес жылсыз сізге ипотекаға үй берілмейді, жалақыға дейін қарыздың да, займның да көмегі жүрмейді. Қаламыңызды алып, арыз жазуға дайындалмас бұрын “жеті рет өлшеп, бір кескен” абзал.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!