Соңғы кездері микроқаржы ұйымдарынан несібеме деп микроқаржы алып, енді несіне алдым?” деп макро мәселеге ұрынып жүрген жандар көбейіп кетті. Онсыз да қарызға белшеден батып жүрген қараша халықты әбігерге салған микроқаржы ұйымдары елде қаншалықты заңды жұмыс істейді және мұндай несібесіз несиені алмас бұрын нені білу керек?
Өткен мен бүгін
Қаржылық нарықты реттеу мен басқару агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылдың тәмамдалар шағында ресми түрде 1195 микроқаржылық орын тіркелген. Өзгертілген заңға сәйкес, биылғы қаңтардан бастап, агенттіктен лицензия алмаған микроқаржылық мекеме, ломбард пен несиелік серіктестіктердің жұмыс істеуіне тыйым салу ісін бастап кеткен.
Биыл 3100 микрокредиттік субъектіден агенттікте тек 227 микроқаржылық мекеме, 202 кредиттік серіктестік пен 650 ломбард қана тіркеуден өткен. Алайда елде қолында бір жапырақ лицензиясы жоқ ұйымдар бұған қарамастан өз ісін жалғастыруды тоқтатпаған.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы микрокредиттік ұйымдар борышты нақты тәртіп бойынша беруі тиіс екен.
– Әрбір микрокредитті борышкерлер тізіміне тіркеп, кредиттік құжаттама жүргізу, сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар борышкердің жеке мәліметі мен келісім-шарт талаптары сынды микрокредит беру құпиясын сақтау қажет.
Тағы бір айта кететіні, микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар үшін жылдық тиімді сыйақының шекті мөлшерлемесі 56%-тен аспауға тиіс. Бұл ұзақ кезеңге алынған қарыздарға қатысты. Егер сіз ақшаны қысқа, 45 күнге дейінгі мерзімге алсаңыз, онда мөлшерлеме бір айда 30%-ке жетуі мүмкін. Осындай қарыздың мөлшері 50 АЕК немесе 145 850 теңге мөлшердегі көрсеткішпен шектелген. Қысқа мерзімді қарызды рәсімдеген кезде борыштың бүкіл сомасын және пайыздарды бірден қайтаруға тура келетінін де ескеру қажет, – дейді сарапшылар.
Алмақтың да
салмағы бар
Микроқаржылық ұйымнан несие алып, ұр тоқпақ жеп жүрген жандармен тілдеспек болып едік, дәл сондай азаматты көзді жұмып-ақ табуға болатынын көріп аң-таң болдық. Себеп сол, елде микроқаржылық орындарға қарызы бастан асатын жандар санынан көз сүрінеді.
– Микроқаржы ұйымдары бірден қолыңа үлкен соманы ұстатпайды. Алдымен азын аласың. Кейін сенімге кіріп, алатын соманы арттыруға болады. Бірінші барғанда-ақ байқағаным, несие берер алдында жұмысқа, келісімшартта телефон нөмірі көрсетілген таныстарға бірден хабарласып, түрлі құжаттарға қол қойдырып жатпайды. Шешімді жедел қабылдап, жауабын бірден айтады. Күнделікті көріп жүрген жарнамаларындағыдай 15 минутта емес, оған жеткізбей-ақ реттеп береді. Бірақ міндетті түрде екі жақын танысыңыз бен олардың телефон нөмірін тіркеу қажет. Бастапқыда өмірдегі дос-жаранды тіркеуші едім, кейін қулыққа басып жалған нөмір мен есімді тіркеуді әдетке айналдырдым. Сөйтіп ақшамды алып, қаржы ұйымынан айламды асырдым деп еңсемді тіктеп шықтым. Телефон нөмірімді, тіпті жұмысымды ауыстырдым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Тиісті орындар туыс-туғаныңды мазалап-ақ тауып алады. Ал төлеуден жалтарып жүрген несиелерімнің проценті бүгінде аспандап кеткен, – дейді Нұрперзент Талғатұлы.
Елде Нұрперзент секілді қаржылық мәселені микроқаржы арқылы уақытша шешкенімен, оны қайтаруға келгенде қиналып қалатын жандар саны расымен көп. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, оны дер кезінде өтемесең, қарызға белшеңнен баттың дей бер.
Қандай шешімі бар?
Өткен жылдың аяғында елді елең еткізер жаңалық жария болды. Соның бірі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының микроқаржы ұйымдарындағы проблемалы қарыз алушылардың несиесін жеңілдету, яғни кешіру сынды шараларды қолға алуы болды.
– «Қазақстанда 28 мың адамның несиесі жабылады» деген ақпаратты жария еткен құзырлы органның бұл ісі қате деп түсінемін. Себебі мұнда 28 мың қарыз алушыларға шамамен 600 миллион теңге бөлінген. Сол 0,6 миллиардты 28 мың адамға бөлер болсақ, ол әр қарызгер басына 20 мың теңгеден үлеске түседі. Сондықтан да бұл жарияға жар салатын іс емес. Халықты дүрбелеңге салып, жалған үміт беріп жатыр турасын айтқанда, – деді белгілі экономист, қаржыгер Мақсат Халық сұхбатында.
Бұдан бөлек, жыл басында банктегі берешегін өтей алмай жүрген жандарға банкроттық жүйе көмек келді. Соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттігін қалпына келтіру сынды үш бөліктен тұратын бұл бағдарламаға құжат рәсімдеуге сіз бен біздің жүйкеміз шыдас бермесі анық. Дегенмен төзімі темірдей азаматтардың «egov.kz» сайты арқылы бағын сынап көруге мүмкіндігі бар.
Жалпы, мәселені несие арқылы шешу жақсылыққа апармайтынын мойындағанымызбен, көпшілігіміз үшін бұл әдетке айналған. Бірақ халық несиенің несібе әкелмейтіндігін түсіну керек. Сондықтан әрқайсысымыз қаржылық сауаттылықты арттырып, қиындықтарды шешудің басқа да жолын қарастырғанымыз абзал, әсіресе жастар.
Серік АҚМЫРЗА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!