Сарапшылар несиені уақытылы төлей алмайтын қазақстандықтарға не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды Dauletten.kz.
Fingramota.kz ақпаратына сәйкес, қарыз алушы несие ұйымына ресми өтініш жазуы керек. Өтінішті несиені кешіктірген күннен бастап 30 күн өтпей жазған дұрыс. Тіпті несиені дәл сол мерзімде төлей алмайтынын білген азамат құжатты одан да ертерек тапсырғаны әлдеқайда тиімді. Өтініште сіз қарызды өтей алмау себебін көрсетіп, келісімшарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарыңызды жіберуіңіз керек. Бұл төмендегідей шарттар болуы мүмкін:
сыйақы мөлшерлемесін азайту;
қарыз валютасын өзгерту;
негізгі борышты кейінге қалдырып, сыйақыны төлеу;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;
шарттың қолданылу мерзімін өзгерту;
мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын жою.
Нәтижеінде, қаржылық ұйым 15 күн ішінде ұсыныстарды қарап, жазбаша жауап береді. Несие беруші ұйым сіз жазған ұсыныстармен келісе алады және балама нұсқаларды қарастырып қарыз бойынша шешім қабылдайды немесе ұсынысыңыздан бас тарта алады.
«2021 жылдың мамыр айынан бастап өзгерістер қабылданды. Түзетулер аясында банктер немесе микроқаржылық ұйымдарды қайта құрылымдауды жүргізу кезінде қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, оның кірістерінің төмендеуі, кепілдік тұрғын үйдің бірегейлігі, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескеруге міндетті. Несие берушімен қандайда бір келісім болмаған жағдайда тұтынушы Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жүгіне алады. Осы кезеңде несие беруші кепілге қойылған мүлікті өндіріп алуға құқығы болмайды», – деп хабарлады fingramota.kz.
Ұйым қарыз алушыларға несие бойынша туындаған мәселелерді жасырмауға кеңес береді. Егер тұтынушы қаржы компаниясымен байланыс орнатпаса, онда ол өсімпұлдарды, айыппұлдарды есептеуге немесе сотқа дейін өндіріп алу процесін бастауға құқылы. Сондай-ақ өндіріп алу ісіне коллекторлық агенттік тартылуы мүмкін.
Қарызды уақытылы төлемеу несие тарихының нашарлауына, кепілдік мүліктің жоғалуына және елден кету қаупін төндіреді. Сондай-ақ, міндеттемелердің орындалмауы қосалқы қарыз алушы мен кепілгерге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
dauletten.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!