Қазақстанда борышты өндіріп алу мерзімі өткен несиелер кешірілуі мүмкін. Заңға сәйкес банк немесе қаржы ұйымы берешекті қайтару туралы талап енгізбесе, борышкер қарызын қайтармауға құқылы. Ол үшін 5 жыл қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бес жыл ішінде өтелмеген несие сотқа жолданбаса, тұтынушы қарызынан құтылады. Мысалы, тұтынушы әлдебір қаржы ұйымынан 1 миллион теңге несие рәсімдейді. Шамамен 75 пайызын төлеп, қалғанын өтеген жоқ. Банк дәл сол күннен бастап бес жыл бойы қарызды өндіру туралы талап-арыз жазуы тиіс.
“Банк тарапынан 20 күннің ішінде қарыздың сомасын және оны өтеу туралы хабарламаны жіберуге міндетті. Себебі банк 20 күннің ішінде оны жібермесе, онда сотқа дейінгі тәртіп сақталмай қалады”, – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Сотқа дейінгі талап сақталмағандықтан, берешек бойынша өсімпұл есепке алынбайды. Сәйкесінше, борышкер тек төлемді кешіктіргенге дейінгі соманы өтеуге құқылы. Алайда заңгерлер мұндай жағдайлар өте сирек кездесетінін айтады. Өйткені қаржы ұйымдары сотқа уақытылы жүгінеді.
Сондай-ақ қарыз қайта есепке алынуы мүмкін. Несие алған кісі 3 жыл бойы ақша төлеген жоқ. Банк те хабарлама жіберіп, қаржыны өндіру туралы арыз түсірмесе, екі жылдан кейін ескіру мерзімі күшіне енеді. Осы аралықта борышкердің несиесі бойынша азғантай болса да ақша аударылса, өткен 3 жыл жойылып, талап қою мерзімі қайта басталады. Бір сөзбен айтқанда, бұл тәсіл банктер берешек туралы толық ұмытып кеткен кезде ғана іске асады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!