SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі ел аумағында заңсыз микронесиелеу жүйесін анықтады. Белгілі болғандай, алаяқтар ломбардтар мен комиссиондық дүкендер желісі арқылы халыққа жоғары пайызбен несие беріп келген. Агенттік өкілдері зардап шеккен азаматтарға уайымдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, елдің бірнеше өңірінде шамамен 200 филиал заңсыз жұмыс істеген. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, мұндай ұйымдардың әрекетінен келтірілген зиян жүздеген миллиард теңгеге жеткен.

«Жалпы залал көлемі 400 миллиард теңгеден асады. 400 мыңнан астам азамат зардап шекті. Барлық істер тергеліп жатыр. Бұған дейін біз “Актив Ломбард” пен “Актив Маркет” компаниялары туралы хабарлағанбыз. Бұл ұйымдар Ұлттық банктің рұқсатынсыз жоғары пайызбен несие берген», – деді Елемесов.

Оның сөзінше, “Актив Маркет” компаниясының заңды лицензиясы болмағандықтан, азаматтар мұндай несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені төлеуге міндетті емес.

«Бұл сомалар төлемге жатпайды. Азаматтар бізге жүгініп, келісімшарттардың жарамсыз екенін растайтын құжат ұсына алады», – деп түсіндірді агенттік өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін агенттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржысын жалған стоматологиялық клиникалар арқылы жымқыру ісі бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Атырауда бұл іске қатысы бар күдіктілердің бірі ұсталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!