Қазақстандықтардың несие мөлшері 21 триллион теңгеден асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бірінші кредиттік бюро дерегінше, қаржылық ұйымдарға қарыз азаматтардың тең жартысы несиені тұтынушылық мақсатта алған.

Бүгінде берешегін өтей алмай жүрген борышкерлер қатары өскен. Олардың қарыз көлемі қазірдің өзінде 738 миллиард теңгеге жеткен.

8,5 миллионға жуық халқы кредит алған Қазақстанда кейінгі бірнеше айда уақытылы төленбеген қарыз мөлшері артқан. Берешектің басым бөлігі тұтынушылық мақсатта алынған несиелерге қатысты болып отыр.

Бірінші кредиттік бюро директорының мәліметінше, бүгінде ипотека мен автокредит рәсімдеу көрсеткіші де өскен.

Тұтынушылық несие көбейіп жатыр. Бұл азаматтардың жаңа оқу жылына дайындығымен байланысты. Одан кейінгі кезекте ипотекалық несиелердің көрсеткіші артып отыр. Бүгінде халық арасында тұрғын үй үшін алған қарызын төлеп, тағы бір ипотека рәсімдейтіндер бар. Оның үстіне қазір банктер арқылы несиенің бұл түрін алу жеңілдеген. Ал автокредиттердің өсуіне такси қызметіне деген сұраныстың жоғарлауы түрткі болды, – деді бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаров.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!