Қазақстанда 9 банк таратылу процесінде, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі құжат жобасында келтірілген нарық сараптамасына сілтеме жасап.

«Ашық НҚА» порталында 26 шілдеге дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат талқыланып жатыр. Ол банктердің қызметін реттейтін, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілеттіктеріне қатысты.

Құжатта банк саласының проблемалары атап көрсетілген, оның ішінде біріншісі – банктерде және микроқаржы ұйымдарында көрсетілетін қаржылық қызметтер туралы ақпараттың тұтынушыларға жеткіліксіздігі, сондай-ақ тұтынушының мінез-құлық ерекшеліктерін ескермей қызметтер көрсетілген. Екінші мәселе ретінде мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға және басқа да төмен топтарға қаржылық қызметтер алуға шектеу қойылды.

Үшінші мәселе – қаржы ұйымдарының басшыларына қатысты кадр саясаты, негізгі қызметкерлерді неғұрлым мұқият іріктеу және әрекеттері қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе банкроттыққа әкеп соқтырған тұлғалардың басшылық лауазымды атқару мүмкіндігін шектеу. Дәлел ретінде басшыларының әрекетінен зардап шеккен қаржы ұйымдарының статистикасы келтірілді.

«Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Сонымен бірге 9 банк таратылу процесінде. 2022 жылдың басынан бері агенттік басшы қызметкер лауазымына 13 кандидатты ұсынудан бас тартты», – делінген құжат жобасында.

Анықталған проблемаларды шешу әдістері ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Ашық НҚА» порталында қаржылық өнімдер мен қаржылық қызметтерді ұсыну кезінде тұтынушыларға ақпаратты толық және сенімді ашу талаптарын белгілеу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, агенттік банктерден мүгедектер үшін негізгі қаржылық өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды талап ете алады. Агенттік қаржы ұйымының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптардың тізбесін кеңейтуді және заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі қаржы ұйымын таратуға әкеп соқтырған тұлғалар туралы мәліметтер тізбесін енгізуді көздейтін заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді ұсынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!