Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық өсуіне жол бермей, алдын алу шараларын қабылдауы қажет. Бұл туралы ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсуі 10 %-дан 15,4 %-ға дейін жеделдеді. Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағаларының айтарлықтай өсуі байқалды. Наурыздың төртінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6 %-ға дейін өскен. Бұл өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында – 1,3 %, сәуірдің бірінші аптасында 0,9 % болып, тұрақтанып келеді», – деді Ұлттық банк төрағасы Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы наурызда 8,6 %-дан 10,9 %-ға дейін қымбаттады. Оған теңге бағамының әлсіреуі және азық-түлікке қарағанда төменірек болса да, артық сұраныстың қысымы себеп болды.
Ақылы қызмет көрсету бағасы 7,1 %-дан 8,3 %-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты болды.
«Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, инфляция болжамы өсу жағына қарай қайта қаралуда. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық өсуіне жол бермей, алдын алу шараларын қабылдауы қажет. Өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық ағындарды уақытылы ұйымдастырып, елді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылау маңызды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға үстемесіне тиімді бақылау жүргізу қажет», – деді Ғалымжан Пірматов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!