Фото: © istockphoto.com

Қаржы министрлігі «Ашық НҚА» порталында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжатта келесі жылы зейнетақы, ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш қалай өзгеретіні жазылған.

Заң жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептiк көрсеткiш 3 932 теңге болады. Қазір бір АЕК 3 692 теңгеге тең.

Айта кетері, айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдардың мөлшері де ұлғаяды деген сөз.

Келесі жылы ең төмен жалақы өзгеріссіз қалады – 85 мың теңге. Ал мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері – 32 360 теңгені (биыл 28 215 теңге), зейнетақының ең төмен мөлшерi 62 771 теңгені (биыл 57 853 теңге) құрайды.

Жасына байланысты зейнетақы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға көтеріледі.

Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы 46 228 теңге болып бекітілмек.

Құжат 31 тамызға дейін қоғам талқысына шығарылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!