Қазақстанда 15 мамырдан бастап қарыздар мен микрокредиттер ресімдеудің жаңа қағидалары қолданылады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Несиеге байланысты ақпарат Fingramota.kz сайтында жарияланды. Дерекке сүйенсек, ақпан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және қарыз алушыларға банктік қарыздар мен салымдар, сондай-ақ микрокредиттер бойынша толық құны туралы ақпаратты дұрыс беру үшін 2 қаулы қабылдаған. Аталған құжаттар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілуі керек. Бұл 15 мамырға келіп отыр.

Осылайша енді банктер мен микроқаржы ұйымдары шарттарда және өз жарнамаларында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және номиналды сыйақы мөлшерлемесін көрсеткен кезде олардың қаріп мөлшері мен стилі бойынша бірдей ресімделуін ұстануға тиіс. Яғни, адам несие рәсімдегенде не жарнамаға көз салғанда номиналды пайызы ғана бірден көрінбейді. Қосымша жанында жылдық мөлшерлеме пайызы да қатар тұрады.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – бұл банк пен МҚҰ қызметтері бойынша сенімді, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі (нақты құны) сыйақы мөлшерлемесі. Оған қарызды беруге және қызмет көрсетуге байланысты барлық комиссиялардан, төлемдерден, яғни кредит бойынша артық төлемнің нақты көрсеткішінен тұрады.

Ал номиналды мөлшерлеме – бұл комиссиялар мен басқа төлемдерді есепке алмағанда, қарызды пайдаланғаны үшін ай сайынғы сыйақы есептелетін мөлшерлеме.

“Сондықтан ЖТСМ банктің кредит бойынша сыйақысын (пайыздарды) ғана емес, сонымен қатар қарызды беруге және қызмет көрсетуге байланысты барлық басқа комиссияларды, төлемдерді ескеретін негізгі мөлшерлеме болып табылады. Қарыз алушы кредит алу қарыз сомасын, есептелген сыйақыны (номиналды мөлшерлемені) қайтарумен ғана емес, сондай-ақ қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де комиссияларды, төлемдерді төлеумен де байланысты екенін түсінуі қажет”, – делінген ақпаратта.
Экономист Мақсат Халық банктердегі осы екі пайыздық мөлшерлеменің бір шрифтпен көрсетілуі дұрыс қабылданған шара екенін айтуда. Өйткені халық көбіне жарнама беттеріндегі номиналды пайызға қарап, алданып та жатыр дейді.

“Бұл жақсы емес үрдіс болатын. Адамдар көбіне номиналды пайызбен несие беріліп жатыр екен деп ойлап қалады. Енді дәл осылай екі пайыз да ашық көрсетілсе, онда халық ойланады, мынау не үшін дегендей. Тіпті жылдық мөлшерлемесі 50 пайыз деп көрсетілсе несие алудан бас тартатындар қатары да артуы мүмкін. Бұл халықтың ішінде көп айтылып кеткен жасырын комиссиялар, көзге көрінбейтін пайыздар дегеннің бәрі осының ішінде жатыр”, – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!