Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова үкімет отырысында Қазақстанда тұтынушылық несиелендіруді реттеу бойынша қабылданып жатқан шараларды атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жеке тұлғаларға тұтынушылық несиелердің тәуекелдік салмағын арттыру арқылы банктердің меншікті капиталының жеткіліктілік тәуекелін реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептеу кезінде қарыз алушының тұрақты кірісін сенімді растау болмайтын кірісті анықтау критерийлерін алып тастайды. Сонымен қатар банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты да тәуекелі жоғары тұтынушылық несиелерге қосымша шектеулер енгізуді жоспарлап отыр.
«Нәтижесінде банктердің төлем қабілеттілігі жеткіліксіз қарыз алушыларға несие беруі шектеледі», – деді қаржы нарығын реттеу агенттігі.
Жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы, оның ішінде коллекторларға өндіріп алуға берілген қарыздары бойынша проблемалық берешектерді шешу бойынша шаралар қабылданады.
Агенттік қосымша жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ несиелер бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемелерін есептеуге қарыз алушыдан түсетін кез келген комиссиялар мен төлемдерді енгізу бойынша қосымша шаралар қабылдайды. Бұл жаңадан алынған несиелер бойынша халықтың қарыздық жүктемесінің өсуін шектейді деп күтілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!