Жалған ақша жасайтындар банкноттар мен монеталарды базарларда, жанармай құю бекеттері мен шағын азық-түлік дүкендерінде пайдаланады

 Қазақстанда номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар жиі қолдан жасалады, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2019 жылмен салыстырғанда Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер анықтаған жалған ақша көлемі былтыр 38%-ке азайды. 2019 жылы жалған 1 319 банкнот пен монета табылса, 2020 жылы оның саны 823 банкнот пен монетаны құрады.

«Төмендеуге әсер еткен негізгі себеп – қазіргі карантиндік шаралар мен шектеулер. Өйткені қолдан ақша жасайтындар, әдетте, жалған ақшаны базарларда, жанармай құю бекеттерінде және шағын азық-түлік дүкендерінде өткізіп жібереді. Қолдан көп жасалатын ақшаға 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар жатады – сәйкесінше, жалпы көлемнің 42,5% және 37,6%», – деді  Ұлттық банктің банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы Асхат Әбішев.

Ұлттық банктің мәліметінше, жалған банкноттардың басым бөлігі Алматыда (554 дана немесе 67,3%) анықталды, ең азы – республиканың батыс өңірінде.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!