Фото: gov.kz
KAZINFORM – 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салымшылардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы жеке және шартты шоттарында шамамен 20 трлн теңге жинақталды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері өсім 2,1 трлн теңгеден (11,8%) асты. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, зейнетақы жинақтарының көлемі 3,9 трлн теңгеге жуық немесе 24,3% өсті.
Отандастарымыздың жинақтарының 96% міндетті зейнетақы жинағы есебінен қалыптастырылды, оның көлемі шамамен 19,3 трлн теңге болды (бір жылдағы өсім – 23,7%, жыл басынан бері-11,3%).
МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы – 619,9 млрд теңге (бір жылдағы өсім – 22,9%, жыл басынан бері – 9%).
Ең үлкен өсімді (жылына 48,4%, жыл басынан бері 22,5%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – 6,5 млрд теңге.
Зейнетақы жинақтарының маңызды құрамдауышы – зейнетақы жарналары, олардың көлемі 2024 жылдың 6 айында 1,3 трлн теңгеден асқан, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 28,4% немесе 290,8 млрд теңгеге артық. Атап кетейік, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 18,7%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 20,3%, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 30,4% көрсетті.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 6 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 98,9 млрд теңге болды.
Жинақтардың тағы бір маңызды бөлігі – инвестициялық кіріс. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс шамамен 1,21 трлн теңгеге жетті.
Ағымдағы жылдың 6 айында БЖЗҚ-дан төлемдер түріндегі шығыс ағындары 457,6 млрд теңгеден асты. Бұл ретте осы соманың негізгі бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрайды – ол шамамен 190,4 млрд теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4 есе жоғары.
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер шамамен 97,3 млрд теңге болды.
Сондай-ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 28,6 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 17,9 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 1,5 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 4,9 млрд теңге мөлшерінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 117 млрд теңгеден астам сома аударылды.
БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 33 883 теңге болса, ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 945 752 теңгеге тең. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 111 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңге болды.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны – 12,4 млн бірлік, оның ішінде: 11,1 млн – МЗЖ бойынша, 688,6 мың – МКЗЖ бойынша, 421,3 мың – ЕЗЖ бойынша.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы шартты зейнетақы шоттарының (ШЗШ) саны 3,9 млн бірлікке жетті. Онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ және өзге де түсімдер туралы мәліметтер ескеріледі.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат, соның ішінде республика өңірлері бойынша мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!