Халық азық-түлік пен тұрмыстық заттар алып, қамдануы керек пе? – Экономист кеңес берді
«Қазір несие алатын уақыт емес». Экономист Мақсат Халық қарапайым халыққа осылай деп кеңес берді. Маман пайыздық өсімі ұлғайып кеткендіктен, ақшалай несие алу тиімсіз екенін алға тартты. Бұл туралы экономист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қазір несие алатын уақыт емес. Себебі пайыздарын өсіріп жіберді. Банктер ипотекалық несие мен тауарларды бөліп төлеуге беруді тоқтатты. Ал пайыздық несиелерді алудың қажеті жоқ», – дейді Мақсат Халық.
Маманның айтуынша, пайыздық несие алған жағдайда, тым құрығанда оның артық төлемін азайту үшін ертерек жабуға тырысу керек.
Сондай-ақ, Мақсат Халық желі және мессенджерлер арқылы тарайтын түрлі ақпараттарға негізсіз сенбеуге шақырды.
«Азаматтарымызға айтқым келетіні, желі арқылы тарап кететін ақпараттарға қатты сенбеңіздер. Күйзеліске, эмоцияға берілмейік. Барынша сабырлы болсақ, дұрыс шешімдер қабылдаймыз.
Ал қаржыға қатысты шешімдерді барлық байыбына барып қабылдау керек. Сол кезде ешқашан ұтылмайсыз. Жинақтарыңызды бөліп сақтаңыз. Үлкен пайыздық несиелеріңіз болса, олардан құтылып тастаңыз. Бөліп төлеуге алынған қарыздар тұра берсін.
Барынша қаржылай сауатты болуға тырысайық», – деп кеңес берді маман.
Халық азық-түлік пен тұрмыстық заттарды алдын ала алып, қамдануы керек пе?
Мақсат Халық біз қолданатын тұрмыстық, химиялық заттардың басым дені осы уақытқа дейін Ресей арқылы Қазақстанға жеткізілгенін, енді бұл тауарлардың бағасы қымбаттайтынын атап өтті.
Ол алдағы уақытта мұндай тауарларды шетелдік компаниялармен келісу арқылы, тікелей алдыру керектігін жеткізді. Алайда жаңа транзиттік жолдарды іздеп тапқанға бірнеше ай уақыт керек болатынын ескертті.
«Сол себепті қолданыстағы заттарды алдын ала алып қойған да дұрыс», – деді маман.
Әйткенмен, экономист елдегі нан бағасының қымбаттауына ешқандай экономикалық негіз жоқ екенін баса айтты. Бұл тақырыпқа келгенде өзі де таңырқағанын жасырмады.
«Нанның қымбаттауының қандай экономикалық негізі бар? Өзімізді өзіміз ұнмен 95 пайызға қамтамасыз етеміз. Ресей одақтас мемлекет бола тұра, тамыздың соңына дейін бізге бидай сатпаймыз деді.
Бірақ біз азық-түлік тапшылығына ұрынбауымыз керек. Өйткені ішкі нарықты өзіміз қамтамасыз ете аламыз. Украина мен Ресейге жалпы әлемдегі бидай қорының 30 пайызы тиесілі. Енді қазір олардың бидай егетін мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әлемдік нарыққа әсер ететіні анық. Бірақ Қазақстанда доллар қымбаттады екен деп бүкіл заттың бағасын өсіре беруге болмайды», – деді Мақсат Халық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!