Қызылордада екі адамнан 10 млн теңгеден астам қаржыны алдап алған қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғыны былтыр танысы несие алуға көмек беремін деп, 2 млн 300 мың теңгені алдап алғаны жөнінде арыз түсірді. Сол күні полицияға алаяқтық дерегі туралы тағы бір арыз келіп түсті. Мәлім болғанындай, 2019 жылдың наурыз-желтоқсан айларында белгісіз азаматша «үй алуға көмек беремін» деп алдау-арбау жолымен ақша жымқырған. Келтірілген шығын мөлшері – 8 миллион 350 мың теңге. «Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бұрын сотталған 50 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Онда бірнеше рет жасалған алаяқтық жағдайы көрсетілген. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен. Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада бөтен біреудің атына онлайн несие рәсімдеген 64 алаяқ ұсталды.
\
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!