ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз екенін ескертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кірістер комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өскен (2022 жылы – 82%).

“6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген”, – делінген мәліметте.

Аталған комитеттің түсіндіруінше, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып саналады. 

“Себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы). Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет”, – делінген ақпаратта.

Сонымен бірге аталған комитет Салық кодексі микро және шағын бизнес субъектілеріне оңайлатылған салық салу жағдайы жасағанын баса айтады. Атап айтқанда: салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); оңайлатылған декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%).

Сондай-ақ кірістер комитеті тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға түбіртек беруге міндетті екенін еске салады.

Еске салайық, бұған дейін елімізде кәсіпкерлер жаппай мобильді аударыммен төлем қабылдаудан бас тартып жатқаны жайлы жазылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!